
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Чех Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабиш Астанада екі елдің іскер топтары өкілдерінің басын қосқан «Қазақстан-Чехия» бизнес форумына қатысты. Жиында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, өнеркәсіп кооперациясын дамытуға, сондай-ақ машина жасау, көлік, энергетика, ІТ, авиация өнеркәсібі және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға назар аударылды.
Форумға қатысушыларға арнаған алғысөзінде ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов бизнеспен және инвесторлармен диалогті дамыту Қазақстан үшін басым мәнге ие екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан проактивті инвестициялық саясатты жүзеге асыруда және ұзақмерзімді инвесторлар үшін ашық болып қала бермек. Бизнеспен сенімді диалог құру – бұл жұмыстың маңызды бөлігі. Бүгін қазақстандық және чехиялық компаниялардың көптеген өкілдерін көргеніме қуаныштымын. Бір-біріміздің мықты жақтарымызды пайдалана отырып және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастырып, біз өзара тиімді серіктестік құра аламыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
«Қазақстан, бұл – құрлықтар арасындағы көпір ғана емес, инновациялар мен стратегиялық инвестициялар үшін де жаһандық хаб. Біздің қарым-қатынасымыз өзара сыйластықтың және табысты жобалардың дәлелденген тәжірибесіне негізделген. Қазақстанға деген қызығушылық – біз үшін ұзақ мерзімді стратегиялық басымдық», — деп атап өтті Чехия Премьер-министрі Андрей Бабиш.
Жүзеге асырылып жатқан Инвестициялық саясат шеңберінде Қазақстанда бизнес үшін жағдайларды жақсарту бойынша шаралар қабылдануда. «Бәйтерек» холдингі ұлттық инвестициялық холдинг болып қайта құрылды. Kazakh Invest ұлттық компаниясының приоритетті нарықтарға қатысу ауқымы кеңеюде, бірыңғай қолдау орталығы ретінде Kazakhstan Investment House құру жоспарлануда. Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Ірі инвесторлар үшін заңнаманың 25 жылға дейінгі тұрақтылығын қамтамасыз ететін инвестициялық келісімдер көзделген.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 14,4%-ға өсіп, жалпы сомасы $20,5 млрд-қа жетті. БҰҰ Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) деректеріне сәйкес, ҚР аумағында нөлден бастап құрылатын жаңа жобаларға $19 млрд тікелей шетелдік инвестициялар салынды (greenfield project). Бұл Орталық Азиядағы барлық өңіраралық салымдардың 89%-ын құрады.
Чех компанияларының Қазақстанмен өзара іс-қимылды кеңейтуге және нарықтағы қатысуын арттыруға қызығушылығы атап өтілді. Өзара табысты іс-қимыл мысалдарының бірі – Škoda Auto компаниясының $8,2 млн-ға автокөлік құрастыру жобасын іске қосуы. BBS кәсіпорны осы жылдың соңына дейін $9 млн-ға жылу алмастырғыш жабдықтар өндірісін бастауды жоспарлап отыр. Энергетикалық секторда бұрын жасалған уран жеткізу туралы ұзақмерзімді келісім шеңберінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-мен ČEZ компаниясының серіктестігі перспективалы болып саналады.
Форум қорытындысы бойынша Қазақстан мен Чехия компаниялары арасында ынтымақтастық туралы 6 меморандумға қол қойылды. Энергетика, көлік, машина жасау, сақтандыру және тағы да басқа салаларда бірлескен кәсіпорындар құру көзделген.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1210911?lang=kk

Жауап қалдыру