
2026 жылғы 28 сәуірде Қостанай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тлеубаев Дидар Сапарғалиұлының қатысуымен брифинг өтті.
Ағымдағы жылы 2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Қостанай облысында барлық қаржыландыру көздері есебінен 520,0 мың шаршы метр тұрғын үй салу, сондай-ақ 4,6 мыңнан астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыста 126,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2025 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 104,9%-ды құрайды. Оның ішінде: 102,3 мың шаршы метр көппәтерлі тұрғын үй және 24,0 мың шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) нысандары салынды.
Ағымдағы жылы бюджет қаражаты есебінен облыста жалпы ауданы 96,8 мың шаршы метрді құрайтын, 1 320 пәтерге арналған 23 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған.
Ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу мақсатында ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында облыс орталығында жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 9,1 млн теңгені құрайтын 9 тұрғын үй сертификаты берілді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін жалпы сомасы 18,8 млрд теңгеге 1 034 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның ішінде: республикалық бюджеттен – 2,97 млрд теңге, мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен – 13,2 млрд теңге, облыстық бюджеттен – 2,6 млрд теңге қарастырылған. Аталған жұмыстар облыстың 14 өңірінде жүзеге асырылады (Қостанай, Арқалық, Рудный қалалары, сондай-ақ Алтынсарин, Амангелді, Әулиекөл, Денисов, Қамысты, Қарабалық, Қостанай, Наурызым, Сарыкөл, Ұзынкөл және Федоров аудандары).
Тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында ағымдағы жылы жаппай тұрғын үй құрылысы аудандарын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 1,7 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген. Атап айтқанда, Қостанай қаласындағы «Қунай», «Береке» шағын аудандары, Қостанай ауданындағы «Астана», «Бәйтерек» жаңа шағын аудандары және Рудный қаласының 19-шағын ауданы қамтылған.
2025 жылғы қарашада Қостанай облысының әкімдігі мен тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ арасында сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді іске асыру жөнінде келісім жасалды. Осы келісім шеңберінде «ҚТК» АҚ Рудный қаласынан 25 жалдамалы пәтер сатып алды, оның ішінде 4 пәтер сатылды.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Қостанай жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы «Отбасы банк» арқылы жұмыс істейтін жастар үшін жалғасуда.
Бағдарлама жеке тұрғын үйі жоқ жұмыс істейтін жастарды қолдауға бағытталған. Бағдарламаны іске асыру кезеңінде 344 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді, жалпы қаржыландыру көлемі шамамен 5 млрд теңгені құрады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-saulet/press/news/details/1210771?lang=kk

Жауап қалдыру