
Шығыс Қазақстанда су тасқынының бірінші кезеңі аяқталды. Сонымен қатар, сәуір айының үшінші онкүндігінен мамыр айының екінші онкүндігінің соңына дейін өңірде су тасқынының екінші кезеңі өтеді. Екінші толқын аласа таулар мен орта таулардың оңтүстік беткейлерінде қардың еруі және жаңбыр түріндегі жауын-шашынның түсуі салдарынан қалыптасады деп болжануда. Қазіргі таңда облыс аумағының 19%-ында қар жамылғысы сақталған.
«Мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл шеңберінде барлық су тасқыны қаупі бар учаскелер мен гидротехникалық құрылыстар бақылауға алынды, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуы тексерілді. Өңірде каналдар, арықтар, су өткізу құрылыстары мен көпірлерді ауқымды тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 226 шақырым канал, 504 шақырым арық тазартылып, 4778 су өткізу құрылысы мен 409 көпір ретке келтірілді. Сонымен қатар, 430 мың текше метрден астам қар шығарылды», – деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Енсегенов.
Облыс бойынша су тасқыны қаупі бар 71 елді мекен тіркелген. Онда шамамен 3,5 мың тұрғын үй орналасқан және 8,6 мыңға жуық адам тұрады. Жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде 16 елді мекенде су басу қаупі толық жойылды, 50 елді мекенде тәуекел деңгейі төмендетілді, ал 5 елді мекенде қауіп сақталуда. Аталған елді мекендер Глубокое ауданы мен Алтай ауданы аумақтарында орналасқан, барлығы 813 тұрғыны бар 329 үй бар.
Қазіргі уақытта облыстағы гидрологиялық жағдай тұрақты. Өзендердегі су деңгейі қауіпті шектен төмен, су тасқыны фактілері тіркелген жоқ. Дегенмен, жағдай тәулік бойы бақылауда. Мониторинг барысында мамандар таулы аудандардағы қар қорын және жалпы ахуалды тұрақты түрде бағалап отыр.
Қабылданған алдын алу шаралары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, су тасқыны кезеңінің тұрақты өтуіне мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-vko/press/news/details/1210170?lang=kk

Жауап қалдыру