Түркістан облысында еңбек қатынастарын заңдастыру, халықтың әл-ауқатын арттыру, кедейлік деңгейін төмендету бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Аталған салалардағы өзекті мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды. Облыс әкімі кемшілікке жол берген жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтып, жұмысты ширатуды тапсырды.
– Еңбек шарттарын тіркемеген, міндетті зейнетақылары аударылмаған, жазатайым оқиғадан сақтандыру бойынша тиісті шарттарын жасамаған мекемелердің тізімін жасақтап, кемшілікті толық ретке келтіру қажет. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын заңға сай азайтуымыз керек. Ол үшін жаңа жұмыс орындарын ашу, аймақтағы кәсіпорындар мен мекемелермен байланыс орнатып, оларды тиісті жұмысшылармен қамту шараларын күшейтіңіздер. Біздің мақсатымыз – тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіпорындар ашу. Сонда ғана экономика көтеріліп, өзіндік кіріс ұлғаяды, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков баяндама жасап, өңірдегі нақты жағдай мен алдағы міндеттерді айқындады. Түркістан облысы бойынша еңбек қатынастарының рәсімделуі әлі де өзекті мәселе болып отыр. Мемлекеттік еңбек инспекциясының мәліметіне сәйкес, өңірдегі 3329 мекемеде 10449 қызметкермен еңбек шарттары тіркелмеген. Әсіресе, кәсіпкерлік, білім беру, әлеуметтік және ауыл шаруашылығы салаларында мұндай фактілер жиі кездеседі. Бұдан бөлек, 2601 мекемеде 7677 адаммен еңбек шарты жасалмаған, 15234 мекемеде 55790 қызметкерге міндетті зейнетақы жарналары аударылмаған, кейбір мекемелерде қызметкерлер жазатайым оқиғалардан сақтандырылмаған. Бұл көрсеткіштер еңбек заңнамасының талаптарын сақтауды күшейтуді және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруды талап етеді. Жауаптыларға осы кемшіліктерді жою, жұмысшылардың құқығын қорғау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Облыста халықты әлеуметтік қолдау және кедейлікті азайту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы 59062 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 6,5 млрд теңге қарастырылып, кедейлік деңгейін 2,7%-ға дейін төмендету жоспарланған. Жылдың бірінші тоқсанында 36 890 адамға (5960 отбасы) 1,6 млрд теңге көлемінде көмек тағайындалып, төленді. Облыста кәсіпорындар ашып, жұмыспен қамту нәтижесінде кедейлік деңгейі 1,7%-ға дейін төмендеп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 40,7%-ға азайған. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендеп, 2022 жылмен салыстырғанда 68,6%-ға қысқарған.
Сонымен қатар Сауран, Отырар және Ордабасы аудандарында жүргізілген мониторинг барысында 675 отбасының тұрмыстық жағдайы зерделеніп, 115 кемшілік анықталды. Оның ішінде 5,3 млн теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек негізсіз тағайындалғаны белгілі болып, бұл қаражатты бюджетке қайтару қажеттігі белгіленді. Аталған кемшіліктер бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Кедейлікті төмендетудің тиімді тетіктерінің бірі ретінде «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып келеді. Сауран ауданы пилоттық аумақ ретінде таңдалып, отбасының цифрлық картасындағы «D» және «E» санатындағы азаматтарды «C» деңгейіне шығару бағытында жұмыстар жүргізілуде. Жоба аясында арнайы жұмысшы топ құрылып, тұрғындарға кооперативтерге бірігу, жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие алу және тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктері түсіндірілді. Нәтижесінде 32 азамат шағын несие алып, өз кәсібін бастауға ниет білдірсе, 46 адам бұғатталған банктік шоттарын қалпына келтіруге әрекет жасаған. Жобаға «LIHUA GROUP» және «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» сынды инвесторлардың тартылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Облыста зауыттар мен өндіріс орындарын ашу, жұмысшыларды заңға сәйкес еңбек шарттары мен зейнетақы төлемдерімен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Жауап қалдыру