Үздіктердің үздігі: павлодарлық студенттер үлкен сахнада топ жарды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Музыкалық колледждер арасындағы 47-ші республикалық орындаушылар конкурсы биыл да еліміздің ең дарынды жас музыканттарын бір сахнаға жинады. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл беделді өнер додасы қатысушыларға кәсіби шеберлігін шыңдауға, тәжірибе алмасуға және республикалық деңгейде танылуға мүмкіндік береді.

Биыл байқау Қазақстанның сегіз қаласында ұйымдастырылып, нағыз таланттар тартысына айналды. Соның ішінде Павлодар облысының студенттері ерекше нәтиже көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді.

Конкурстың басты жеңімпазы атанған Түрегелді Жасұлан барлық кезеңде жоғары ұпай жинап, I орынды иеленді. Үрлемелі және соқпалы аспаптар бағыты бойынша да павлодарлықтар табысты өнер көрсетті: Омаржанов Заурбек – I орын, Курбан Рахат – II орын, Акан Ақнұр – III орын. Сонымен қатар Жұмашев Рахымжан мен Тумабаев Тимур дипломант атанды.

Эстрадалық аспаптар номинациясында Төлегенұлы Ерсұлтан I орынға ие болса, вокал бағыты бойынша Нигметолла Айгерім арнайы жүлдемен марапатталды. Ансамбль құрамында Даулетқали Асия мен Айгерім II орынды иеленді.

Өскемен қаласында өткен байқауда қазақ халық аспаптары бойынша Жұмадильдинова Арайлым – II орын, Айкенова Айзере – III орын алды. Скрипка сыныбында Ибраева Дана дипломант атанса, фортепиано бағытында Габдуллина Амина II дәрежелі лауреат болды. Хор дирижерлығы бойынша Жасбулатова Нұрайым III орын алып, Домнина Дарья дипломант атанды.

Бұл жетістіктер – студенттердің табанды еңбегімен қатар, олардың ұстаздарының кәсіби шеберлігінің нәтижесі. Павлодарлық жас музыканттардың жеңісі – өңірдің мәдени әлеуетінің жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.

Павлодар – таланттар мекені екенін тағы бір дәлелдеген бұл жеңістер жас өнерпаздардың болашағына зор сенім ұялатады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1210480?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді