
Амангелді ауданында №10 сайлау округі бойынша аудандық мәслихат депутаты Жанат Хайроллаұлы Сыздықов тұрғындармен кездесу өткізіп, елді мекеннің өзекті мәселелерін талқылады. Кездесудің негізгі мақсаты – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, ұсыныс-пікірлерін ескеру арқылы өңірдің дамуына серпін беру.
Жиын барысында тұрғындар ауылдың әлеуметтік жағдайына қатысты бірқатар түйткілді мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, ауыз су сапасын жақсарту, сондай-ақ жұмыс орындарын ашу мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, жастарды қолдау, мәдени-спорттық нысандарды дамыту жайы да талқыланды.
Кездесу барысында Жанат Хайроллаұлы әрбір айтылған ұсыныс пен мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Ол халықпен кері байланысты күшейту – депутаттық қызметтің басты бағытының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, көтерілген мәселелерді шешу үшін тиісті мекемелермен бірлесіп жұмыс жүргізілетінін айтты.
Жиын соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай кездесулер жергілікті билік пен халық арасындағы өзара түсіністікті арттырып, нақты мәселелерді шешуге жол ашады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-amangeldi/press/news/details/1210982?lang=kk

Жауап қалдыру