
Абай облысынан сайысқа барған «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері Чирчик қаласында өткен «Vatanparvarlar» халықаралық әскери-спорттық жарысында өздерінің мықты команда екенін көрсетті.
Өзбекстан Қорғаныс министрлігі жарысты аты аңызға айналған қолбасшы Әмір Темірдің 690 жылдығына арнады. Құрлық әскерлері институтының базасында өткен жарыстарға Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Өзбекстан командалары қатысты.
Сайыста белтемірге тартылу, АК-74 автоматын шашып-құрастыру бойынша нормативтерді, бірыңғай кедергілер жолағында бақылау жаттығуын орындады, мылтық ату және алғашқы медициналық көмек көрсетуде машықтарын көрсетті. Шығармашылық кезеңде олар өздерінің жан-жақты таланттары мен қабілеттерін паш етті.
Жалпы командалық есепте жеті елдің ішінен бірінші орынды Өзбекстан құрамасы иеленді. Қазақстан командасы екінші орын еншіледі. Үшіншіні Қырғызстан мен Беларусь елінен келген жас патриоттар өзара бөлісті.
– Жастарымыздың бұл жетістігі «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының және халықаралық мәртебеге ие болған «Айбын» жастар жиынының дамып келе жатқанын айғақтайды. Бұл сайысқа деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Қатысушы елдердің көбейіп келе жатқаны оған дәлел. Ұдайы жаттығулар мен бәсекелестік тәжірибе біздің командаға Өзбекстан жерінде де нәтижелі өнер көрсетуге ықпал етті, – деді Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов.
«Абай қырандары» клубының тәрбиеленушілері әскери-қолданбалы эстафетада, арқан тартыста және шығармашылық байқауда үздік нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, олар мылтық ату, белтемірге тартылу, АК-74 автоматын шашып-құрастыру жарыстарында екінші орын алды. Алғашқы медициналық көмек көрсету кезеңінде үшінші орынға тұрақтады.
Ел намысын қорғаған команда құрамында 14 оқушы болды. Жарысқа дайындық Семей қаласының 44793 әскери бөлімінде өткізілді.
«Абай қырандары» әскери-патриоттық клубының жетістігі – тамаша дайындық пен патриоттық рухтың айқын көрінісі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1211829?lang=kk

Жауап қалдыру