Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.
Негізгі мақсат – адамның нақты қажеттіліктеріне бағдарлана отырып, оңалтудың сапасын, қолжетімділігін және тиімділігін арттыру.
Осы жылдың сәуір айында бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық оңалту құралдарының (ТОҚ) құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдендірілген соманы айқындау әдістемесі қайта қаралды.
Бұған дейін кепілдендірілген соманы айқындау комиссия тарапынан өткен қаржы жылы бойынша үш дереккөз негізінде жүргізілетін: әлеуметтік қызметтер порталының деректері, мемлекеттік сатып алу мәліметтері және әлеуетті жеткізушілердің коммерциялық ұсыныстары.
Жаңа әдістемеге сәйкес кепілдендірілген сома әлеуметтік қызметтер порталы мен электрондық дүкен деректері негізінде есептелетін болады.
Осыған байланысты әлеуметтік қызметтер порталы Қаржы министрлігінің цифрлық жүйелерімен біріктіріліп, электрондық сауда алаңдарынан тауарлардың нарықтық құны бойынша жинақталған деректерді алу жұмыстары жүргізілуде.
Алдағы уақытта кепілдендірілген соманы қолмен араласусыз, цифрлық платформалардан алынған нақты нарықтық деректер негізінде автоматты түрде қалыптастыру жоспарлануда. Бұл ашықтықты, объективтілікті және бірыңғай тәсілді қамтамасыз етеді.
Күтілетін негізгі нәтижелер:
* ТОҚ құнын қалыптастыру процесін толық цифрландыруды енгізу;
* адами фактор мен субъективтілікті болдырмау;
* әділ баға белгілеуді қамтамасыз ету;
* бюджет қаражатын ұтымды пайдалану.
Сонымен қатар мемлекет негізсіз шығындарды қысқартып, мұқтаж азаматтарды сапалы техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге жағдай жасайды.
Босатылған қаражат жүйені дамытуға, соның ішінде заманауи, технологиялық және қымбат оңалту құралдарын енгізуге бағытталатын болады. Бұл қалпына келу тиімділігі мен жылдамдығын арттырады.
Қосымша ақпарат ретінде, жаңа тәсілдер әлеуметтік қорғау саласын дамыту жөніндегі Ұлттық ғылыми орталық арқылы іске асырылуда. Бұл – халықты әлеуметтік қорғау саласында заманауи шешімдерді әзірлеп, енгізетін мамандандырылған алаң.
Сондай-ақ ғылыми орталық арқылы ағымдағы жылы техникалық оңалту құралдарын қайтарымды пайдалану пилоттық механизмі іске қосылады.
Бұл механизм тек қауіпсіз түрде қайта пайдалануға болатын ТОҚ түрлеріне қолданылады және жеке пайдаланылатын құралдарға (мысалы, жаялықтар, протездер және т.б.) қатысы жоқ.
Аталған тетік, мысалы, жөндеу кезеңінде немесе уақытша қажеттілік кезінде (жеткізілімді күту барысында) адамды ұзақ рәсімдерді күттірмей, жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар әлеуметтік-техникалық сараптама қызметі енгізілуде. Ол шешімдерді формальды мерзімдерге емес, техникалық жағдай мен адамның нақты қажеттіліктеріне сүйене отырып қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл шешімдердің негізділігін арттырып, алушының мүддесін қорғайды.
Осылайша, ТОҚ-ты қайтару тетігін енгізудің күтілетін әсерлері:
1. ТОҚ қолжетімділігін арттыру, күту мерзімін қысқарту;
2. бюджет қаражатын тиімді пайдалану;
3. ресурстарды ұтымды қолдану;
4. ТОҚ пайдалану мерзімін ұзарту;
5. техникалық жағдай мен тиімділікті мониторингтеу жүйесін қалыптастыру;
6. ТОҚ қамтамасыз ету жүйесінің ашықтығы мен басқарылуын арттыру.
Өзгерістердің негізгі мәні – қолжетімділікті арттыру, оңалтудың сапасын көтеру, жүйенің ұтымдылығы мен әлеуметтік қорғаудың әділдігін қамтамасыз ету.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-social/press/news/details/1211608?lang=kk

Жауап қалдыру