
Өндірістік бақылау (өзін-өзі бақылау) – өндірілетін өнімнің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам және оның тіршілік ететін ортасы үшін қауіпсіздігін және (немесе) зиянсыздығын қамтамасыз етуге бағытталған, дара кәсіпкер немесе заңды тұлға орындайтын іс-шаралар, оның ішінде зертханалық зерттеулер мен сынақтар кешені.
Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар «Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 сәуірдегі № 62 бұйрығымен (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) реттеледі.
Өндірістік бақылаудың мақсаты объектіде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық құжаттарының (бұдан әрі – нормалау құжаттары) талаптарының сақталуына өзін-өзі бақылауды ұйымдастыру және жүргізу жолымен өнімнің, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің адам үшін қауіпсіздігін және (немесе) зиянсыздығын қамтамасыз ету болып табылады.
Өндірістік бақылау бағдарламасы объектідегі зиянды және қауіпті факторларды (тәуекелдерді) ескере отырып әзірленеді.
Өндірістік бақылау Санитариялық қағидаларды, гигиеналық нормативтерді және эпидемияға қарсы режимді сақтауға бағытталған тұрақты іс-шаралар жүйесі болып табылады. Ол мыналарды қамтиды:
- қоршаған орта жағдайларының санитариялық-гигиеналық мониторингі;
- дезинфекциялық іс-шаралардың сақталуын бақылау;
- инфекциялардың таралу тәуекел факторларын бағалау;
- зертханалық зерттеулер;
- бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған ұйымдастырушылық
шаралар.
Осылайша, өндірістік бақылау қолайсыз факторлардың алдын алу мен тұрақты бақылаудың тиімді механизмі болып табылады. Оның негізгі міндеттеріне инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу, санитариялық режимнің бұзылуын анықтау, персонал мен келушілер үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету, эпидемиологиялық тәуекелдерді төмендету және тұрақты санитариялық жағдайды сақтау жатады.
Өндірістік бақылау бағдарламасы еркін нысанда жасалады және мынаны қамтиды:
1) мыналардың тізбелерін айқындау:
– жүзеге асырылатын қызметіне сәйкес нормалау құжаттарының және нормативтік техникалық құжаттардың (мемлекеттік стандарттар, тіршілік ету ортасы факторларын бақылау әдістемелері мен әдістері) тізбесін. Осы тізбе «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өзектілендіріледі;
– дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бекітетін кәсіпорында (объектіде) өндірістік бақылаудың жүргізілуін бақылау бойынша функциялар жүктелген лауазымды тұлғалар (жұмыскерлер) тізбесін;
– медициналық қарап тексеруге, гигиеналық даярлыққа және аттестаттауға жататын жұмыскерлер лауазымдарының тізбесін;
– дара кәсіпкер және (немесе) заңды тұлға жүзеге асыратын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің, шығарылатын өнімдердің, сондай-ақ адам үшін әлеуетті қауіп-қатер төндіретін және өндірістік бақылауға жататын қызмет түрлерінің тізбесін, оның ішінде «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рұқсат құжаттарының немесе қызметтің басталуы туралы хабарлама болуы көзделген қызмет түрлерінің тізбесін;
– өндірістік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті нормалау құжаттарында белгіленген есепке алу және есептілік нысандарының тізбесін;
– химиялық заттардың, биологиялық, физикалық және өзге де қауіпті факторлардың, адам мен оның тіршілік ету ортасы үшін әлеуетті қауіп-қатер төндіретін өндірістік бақылау объектілерінің тізбесін;
– зертханалық зерттеу жүргізу үшін сынамалар (өлшеулер) алу жүзеге асырылатын бақылау нүктелерін және сынама алу (зертханалық зерттеулер және сынақтар жүргізу) мерзімділігін көрсете отырып, оларға қатысты зертханалық зерттеулер мен өлшеулерді ұйымдастыру қажет бақылау нүктелерінің (бақылаудың сыни нүктелерінің) тізбесін.
Химиялық заттардың, биологиялық, физикалық және өзге де қауіпті факторлардың тізбесін, сынама алу жүзеге асырылатын бақылау нүктелерін таңдауды, аспаптық және (немесе) зертханалық зерттеулер, санитариялық өңдеу, дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар көлемін және мерзімділігін жауапты адамдар (технолог, инженер және басқа да жауапты адамдар) объектінің сипаттамасын, зиянды (қауіпті) өндірістік факторлардың (өнеркәсіптік объектілер үшін) бар болуын, олардың адам денсаулығына және оның тіршілік ететін ортасына әсер ету дәрежесін, өндіру, айналымы, қаптамалау, таңбалау, кәдеге жарату және жою сатыларында қауіп-қатердің бар болуын есепке ала отырып, осы Санитариялық қағидаларға 1-қосымшаға және нормалау құжаттарына сәйкес зертханалық-аспаптық өлшеулердің ұсынылатын көлемдеріне, өлшемшарттарына және мерзімділігіне сәйкес айқындайды;
2) осы Қағидалардың 5-тарауының ережелеріне сәйкес халықты, жергілікті атқарушы органдарды, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерін авариялық жағдайлар, өндірістің тоқтауы, технологиялық процестердің бұзылулары, объектінің қызметіне байланысты халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығына қатер төндіретін жаппай (3 және одан көп жағдайлар) инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулар мен уланулардың пайда болу жағдайлары туралы хабардар ету схемалары.
Өндірістік бақылауда бақылаудың жүйелілігі мен анықталған бұзушылықтарға жедел әрекет ету ерекше маңызды. Ол ішкі процестерді реттеуге, санитариялық талаптарды сақтау тәртібін арттыруға, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
Зертханалық зерттеулер мен сынақтар өндірістік зертханалар базасында немесе аккредиттелген зертханаларды тарту арқылы жүргізіледі.
Денсаулық сақтау ұйымдарындағы өндірістік бақылау санитариялық-эпидемиологиялық тәуекелдерді басқарудың маңызды құралы болып табылады. Ол белгіленген талаптарды сақтаумен қатар, санитариялық жағдайға әсер етуі мүмкін факторларды жүйелі түрде анықтауға және бағалауға бағытталған.
Тиімді ұйымдастырылған өндірістік бақылау түзету шараларын дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді, басқару тиімділігін арттырады және қолайсыз жағдайлардың туындау қаупін төмендетеді. Нәтижесінде ұйымның тұрақты және қауіпсіз жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі.
Өндірістік бақылаудың тиімділігі тек жүргізілетін іс-шаралардың жүйелілігіне ғана емес, сонымен қатар олардың сапалы ұйымдастырылуына, басқарушылық шешімдердің деңгейіне және персоналдың белсенді қатысуына байланысты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-almaty/press/news/details/1211719?lang=kk

Жауап қалдыру