Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Қостанай ауданы прокуратурасының өтінішхаты негізінде ерекше қатыгездікпен жасалған денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактісі бойынша үкімді қайта қарады.
Бұған дейін, 2026 жылғы 12 наурызда Қостанай ауданаралық сотының үкімімен азамат Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.
Сотта анықталғандай, сотталған адам жәбірленушімен болған жанжал барысында оған қасақана ауыр дене жарақатын келтірген: әйелге бензин құйып, өртеген. Нәтижесінде жәбірленушінің дене бетінің 35 пайызы күйікпен зақымданған. Алайда жасалған қылмыстың ауырлығына қарамастан, бірінші сатыдағы сот «ерекше қатыгездік» деген саралаушы белгіні ескермеген.
Прокуратура бұл шешіммен келіспей, оны тым жеңіл деп бағалап, үкімді қайта қарау туралы апелляциялық өтінішхат енгізді.
2026 жылғы 28 сәуірде апелляциялық алқа іс материалдарын қарап, сотталғанның әрекеттерінде ерекше қатыгездік белгісі бар деген қорытындыға келді.
Нәтижесінде үкім өзгертілді: Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша – ерекше қатыгездікпен жасалған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша азамат кінәлі деп танылды.
Жаңа саралау ескеріліп, оған неғұрлым қатаң жаза – 7 жыл бас бостандығынан айыру тағайындалды. Тағайындалған жаза заңдылық пен әділеттілік қағидаттарына сәйкес келеді.
Қостанай облысының прокуратурасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-kostanay/press/news/details/1211758?lang=kk

Жауап қалдыру