
Қарағандыда ұялы телефон ұрлығы жедел ашылды. Жаңа Майқұдық полиция бөліміне 18 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны жүгінді. Оның айтуынша, ол үйінің ауласында отырған кезде ұялы телефонын бір сәтке орындық үстіне қалдырған. Сол мезетте артқа бұрылып қарағанда, телефонының жоғалып кеткенін байқайды. Жәбірленушінің сөзінше, дәл осы уақытта орындыққа шамамен 35 жастағы бейтаныс әйел келіп отырып, артынша асығыс кетіп қалған. Алғашында мән берілмеген бұл жайт кейін тергеу барысында шешуші рөл атқарды. Полиция қызметкерлері күдіктінің нақты сипаттамасын алған соң, жедел іздестіру шараларына кірісті. Оқиға болған аумақтағы бейнебақылау камераларының жазбаларын мұқият зерделеу нәтижесінде жәбірленуші сипаттаған белгілерге сәйкес келетін әйел анықталды. Ол қаладағы супермаркеттердің бірінің маңында жүргені белгілі болды. Жедел шаралар барысында полицейлер күдіктінің жеке басын және орналасқан жерін анықтады. Ұсталған азаматша – қалаға келген 36 жастағы ауыл тұрғыны болып шықты. Ол өз кінәсін мойындап, ұрланған телефонды қайда жасырғанын көрсетті. Белгілі болғандай, ол телефонды дүкендегі сақтау жәшігіне жасырған. Ұрланған мүлік тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1211651?lang=kk

Жауап қалдыру