
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Дания Корольдігіне жұмыс сапары барысында Қазақстан–Дания дөңгелек үстеліне қатысты.
Мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің және салалық ұйымдардың қатысуымен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралып, тараптар ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әріптестікті дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Іс шара аясында агроөнеркәсіптік кешендегі, әсіресе сүтті мал шаруашылығын дамытудағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, қазақстандық және даттық компаниялардың таныстырылымы өтті.
Талқылау қорытындысында екі ел бизнесіне ортақ ықпалдастықтың басым бағыттары айқындалды.
Нәтижесінде «Даттық голштин» асыл тұқымды қауымдастығы мен «QazaqSut» ірі қара малдың сүтті және аралас тұқымдары жөніндегі республикалық палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат Даниядан жоғары өнімді асыл тұқымды ірі қара малдың жеткізілімін тұрақты қамтамасыз етуге, сондай-ақ сүтті мал шаруашылығына озық технологияларды трансферлеуге арналған. Бұл бағыттағы әріптестік бұрын да өз тиімділігін көрсеткен. 2011–2025 жылдар аралығында аталған мемлекеттен елімізге 10 780 бас асыл тұқымды ірі қара мал әкелінген.
Осы жылдың басынан жеткізілімдер жаңа инвестициялық жобалар мен саланы дамыту бағдарламалары аясында жалғасуда.
«Келісімдер мен қол қойылған меморандум Қазақстан мен Дания арасындағы тәжірибелік серіктестікті тереңдету жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Бұл тұрақты әрі технологиялық тұрғыдан бағдарланған агроөнеркәсіптік әріптестіктің дамуына қосымша серпін береді», — деді Аманғали Бердалин.
Сондай-ақ жұмыс бағдарламасы аясында вице-министр Данияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және балық шаруашылығы министрлігі басшылығымен, сондай-ақ Данияның ауыл шаруашылығы және азық-түлік кеңесімен кездесулер өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар сүтті мал шаруашылығында озық дат технологияларын енгізу перспективаларын, соның ішінде дат селекциясындағы жоғары өнімді асыл тұқымды сүтті малды импорттау жоспарларын талқылады. Ветеринариялық қауіпсіздік, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, аграрлық өнімдер бойынша өзара сауданы кеңейту, сондай-ақ Қазақстанның агросекторына дат инвестицияларын тарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Инновациялық технологияларды трансферлеу, өндірісті локализациялау және сүтті мал шаруашылығы саласында құзыреттер орталықтарын құру мәселелері қаралды. Бұл бағыттар өнімділікті арттыруға, фермаларды басқарудың заманауи әдістерін енгізуге және саладағы кадрлық әлеуетті дамытуға ықпал етеді.
Аманғали Бердалин DanBred, FOSS, Kongskilde Industries, Vilomix, Viking Genetics, Caspian Advisory және Kurt Nisgaard Asp өкілдерімен де кездесті. Бұл компаниялар Қазақстан аумағында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға ынталы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1211241?lang=kk

Жауап қалдыру