Сауда вице-министрі Ақтауда көтерме базарларды арнайы аралады

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдәбеков Ақтау қаласындағы көтерме базарларды аралады. Ол «Асар-С» базарын, сондай-ақ KazFruit және Asia Fruit Aktau ірі көкөніс қоймаларын аралады. Бұл нысандар арқылы Маңғыстау облысына өнімнің негізгі бөлігі жеткізіледі. Аталған жұмыс Премьер-министр Олжас Бектенов тапсырмасы аясында, азық-түлік нарықтарында тәртіп орнату және тиімсіз делдалдықты жою мақсатында жүргізілді.

Өңірде арнайы комиссия құрылып, «Көк базар», «Асар-С» базарларында және «Мағаш» базарының ет секторында мониторинг жүргізді. Тексеру нәтижесінде бірқатар заң бұзушылық анықталды. Бес кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген сауда үстемесінен жоғары бағамен сатқан. Оларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.

Сонымен қатар «Мағаш» базарында ет өнімдерінің бағасын негізсіз көтеру дерегі тіркелді. Комиссияның араласуынан кейін еттің бір килограмының бағасы 4500 теңгеден 3500 теңгеге дейін төмендетілді.

Бұдан бөлек, жеткізу тізбектерінде артық делдалдық буындар анықталды. Бір күн ішінде бір тауар бойынша бірнеше мәміле жасалған жағдайлар тіркелген. Нәтижесінде «Товары и Сервис» ЖШС тиімсіз делдал ретінде танылып, жеткізу тізбегінен шығарылды. Бұл Ақтаудағы ірі сауда желілерінің біріне өнімді көтерме жеткізушіден тікелей сатып алуға мүмкіндік беріп, картоп бағасын 275 теңгеден 242 теңгеге, пиязды 165 теңгеден 132 теңгеге дейін төмендетуге ықпал етті.

Ұқсас жағдай көкөніс жеткізу барысында Asia Fruit Aktau мен Asia Fruit Aktau KZ арасында да анықталды. Делдал алынып тасталғаннан кейін сауда желісі тікелей сатып алуға көшіп, картоп бағасы 235 теңгеден 225 теңгеге, сәбіз 264 теңгеден 205 теңгеге дейін төмендеді.

«Өңірде делдалдық схемаларды анықтау бағытындағы жұмысты күшейту қажет. Жыл басынан бері анықталған делдалдар саны аз және бұл көрсеткіш күмән тудырады. Сонымен қатар Маңғыстау облысына өнімнің басым бөлігі импорттаушылар мен өзге өңірлердің көтерме жеткізушілері арқылы жеткізілетін аймақтардың бірі болып отыр. Бұл мәселенің түйіні аймақ басшылығының нақты әрі нәтижелі жұмысына байланысты. Тиісті деңгейде жұмыс жүргізілген жағдайда делдалдық схемаларды жүйелі түрде анықтауға болады»,- деді Айдар Әбілдәбеков.

Анықтама үшін: 2026 жылдың басынан бастап мемлекеттік бақылау күшейтілді. 23 сәуірдегі жағдай бойынша 204-4-бап бойынша 1406 айыппұл салынды, бұл 2025 жылы осы бап бойынша тіркелген құқықбұзушылықтардың шамамен 50 пайызына тең. Айыппұлдардың жалпы сомасы 53 млн теңгеден асты. Оның ішінде Маңғыстау облысында 49 айыппұл салынып, жалпы сомасы 540 мың теңгені құрады.

Баға айырмашылығын қолдану және баға белгісінің болмауы бойынша 489 қаулы шығарылып, 18,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның ішінде Маңғыстау облысында 36 қаулы шығарылып, 1,1 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді.

Қозғалған әкімшілік істер саны бойынша Маңғыстау облысы өңірлер арасында 4-орында тұр.

Делдалдық схемаларды анықтау бойынша өңірлік комиссиялардың жұмысы жандандырылды. Республика бойынша 372 отырыс өткізіліп, 1092 заң бұзушылық анықталды, 974 хаттама толтырылып, 118 делдал жеткізу тізбегінен шығарылды.

Маңғыстау облысында 23 сәуірдегі жағдай бойынша 27 отырыс өткізілді. Нәтижесінде 51 заң бұзушылық анықталып, оның 49-ында сауда үстемесінің асып кетуі тіркеліп, әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар 2 тиімсіз делдал жеткізу тізбегінен шығарылды.

Анықталған деректер саны бойынша өңір облыстар арасында 6-орында.

Сонымен қатар электронды шот-фактураларға талдау жүргізілуде. Барлығы 4395 жеткізу тізбегі зерделеніп, 2361 тәуекел анықталды. Бұл артық үстеме мен сауда заңнамасын бұзу жағдайларын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1211253?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді