СҚО-да полицейлер ер адамды құтқарып қалды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     СҚО-да полицейлер бірнеше сағат ішінде ер адамды құтқарған және ұрлық қылмысын ашқан.

     СҚО Аққайың ауданы полиция бөліміне таңғы сағат 05:00 шамасында “102” арнасы арқылы “Көмектесіңіз, жағдайым нашар, жүрегім ауырып тұр, аяқтарым жансызданып барады…” – деген мазмұндағы қоңырау келіп түсті.

     Осы сәтте қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің қызметкері Марат Молғаждаров қызмет атқарып жатқан болатын. Уақытты жоғалтпай, ол көрсетілген мекенжайға дереу жетіп, ауыр халдегі ер адамды анықтады. Алдын ала мәлімет бойынша, аудан орталығының 67 жастағы тұрғыны көмек сұрау кезінде “102” мен “103” нөмірлерін шатастырып алған.

     Полицей қызметкері жедел түрде жедел жәрдем шақыртып, науқасты медициналық мекемеге жеткізуді ұйымдастырды. Кейінірек ол азаматтың жағдайын білу үшін арнайы барып, денсаулығының тұрақталғанына көз жеткізді. Зейнеткер уақытылы көрсетілген көмек үшін алғысын білдірді.

     Сонымен қатар Қытай Халық Республикасынан Аққайың ауданына қоныс аударған қандас полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби әрекетіне ризашылығын хат арқылы жеткізді. Ол мекемелердің бірінде құжаттары мен ақшасы бар барсетканы ұмытып кеткенін, кейін оның жоғалғанын байқап, полицияға жүгінгенін атап өтті.

     Тәртіп сақшылары қылмысты “ізін суытпай” ашып, бірнеше сағат ішінде жоғалған мүлікті иесіне қайтарды. Ұрлық жасаған адамның жергілікті тұрғын екені анықталды. Қолды болған 25 мың теңге көлеміндегі қаражат толық сақталған. Кейін жәбірленуші тарап татуласу туралы шешім қабылдады.

     Полицейлер кез келген жағдайда — адам өміріне қауіп төнген сәтте де, мүлікке қол сұғылған жағдайда да — дереу құқық қорғау органдарына жүгінудің маңыздылығын еске салады. “Заң мен тәртіп” қағидаты тек құқық бұзушылықтың алдын алу ғана емес, қиын сәтте жедел көмек көрсетуге дайын болуды да білдіреді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1211292?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді