Талдықорғанда «Балдәурен–2026» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Талдықорғанда қала әкімінің жүлдесіне арналған «Балдәурен–2026» балалар шығармашылық байқауының жеңімпаздары анықталды. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан өнер додасы биыл он төртінші рет өткізілді. Байқауға 100-ге жуық жас өнерпаз қатысып, олардың ішінен 31-і ақтық кезеңге жолдама алып, жүлделі орындар үшін сынға түсті.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар ән айту, аспапта ойнау және ұлттық нақыштағы би билеу номинациялары бойынша өзара бақ сынасты. Әр кезеңде жас дарындар өнерлерін шыңдап, көрермендер мен қазылар алқасына ерекше әсер қалдырды.

Әділқазылар алқасының мүшесі Алмас Тұрысынғали байқаудың маңыздылығына тоқталып, оның жас таланттарды қолдаудағы рөлі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын байқауға қатысуға ниет білдіруші балалар саны артып келеді, әрі олардың өнер деңгейі де жоғарылап келеді. Бұл өскелең ұрпақтың өнерге деген қызығушылығының айқын көрінісі, – дейді.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені «Алтын дән» халықтық ән-би ансамблі иеленді. Би номинациясында 4–6 жас аралығында «Шабыт» би ансамблі, ал 7–10 жас санатында «Өрнек» би ансамблі үздік деп танылды. Аспапта ойнау номинациясы бойынша 7–10 жас аралығында «Сұңқар» ансамблі жеңіске жетті.

Ән номинациясында 4–6 жас санатында Айкөркем Бағдат топ жарса, 7–10 жас аралығында Кәусар Алмазқызы мен Назым Сәнуарқызы үздіктер қатарынан көрінді.

Сондай-ақ, байқауға қатысқан барлық өнерпаздар назардан тыс қалмай, арнайы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. «Балдәурен» байқауы алдағы уақытта да жас таланттардың шығармашылық қабілетін шыңдауға және үлкен өнер сахнасына жол ашуға өз үлесін қоса бермек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1211689?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді