ТҮРКІСТАН: ОТЫРАР АУДАНЫНДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН «ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНІҢ ДӘСТҮРЛІ 63-ШІ ТУРНИРІ ӨТІП ЖАТЫР

Жарияланды:

Автор:

категорияда
📍Отырар ауданында қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің жүлдесіне арналған 63-ші дәстүрлі турнирдің ашылу салтанаты өтті. Шәуілдір ауылындағы «Оқсыз» спорт кешенінде басталған биылғы турнирдің өзіндік ерекшелігі бар. Биылғы айтулы додаға облыстың аудан-қалаларынан келген 100-ден астам балуан 60, 66, 74, 82, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша өзара мықтыны анықтап, боз кілемде бақ сынауда.
🔰Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің директоры-бас редакторы Абай Балажан қатысып, жарыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
🔰Облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы өз сөзінде бұл турнирдің жарты ғасырдан астам уақыт бойы үздіксіз өткізіліп келе жатқанын атап өтіп, оның тек спорттық бәсеке ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды рухани алаң екенін жеткізді.
📌– Қазақ күресі – ата-бабадан аманат болып жеткен асыл мұра. Ол тек күш пен ептіліктің ғана емес, қайсарлық пен намыстың, төзім мен тәртіптің мектебі. Сондықтан мұндай турнирлердің маңызы зор. Атап айтқанда, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеп, салауатты өмір салтын насихаттайды. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтады. Ұлттық спортымыздың мерейін асырып, осындай игі шаралардың тұрақты өтуіне үлес қосып жүрген «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымына, барша ұйымдастырушыларға, демеушілерге және жанкүйерлерге алғысымызды білдіреміз, – деді ол.
🔰Жүлделі орын алған балуандар «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясы мен Отырар ауданы әкімдігі тағайындаған бағалы сыйлықтар және дипломдармен марапатталады. Бұл жолы бас жүлде тек «Түйе балуанға» берілмейді, керісінше, боз кілемге шығып, бақ сынайтын барлық қатысушы балуандардың «темір тұлпарды» иеленуге мүмкіндігі бар. Бас жүлде – «Chevrolet» автокөлігі.
🔰Айта кетейік, аталған турнир алғаш рет 1958 жылдың мамыр айында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің сол кездегі редакторы Мәди Байтұрсынов бастаған редакция ұжымының бастамасымен ұйымдастырылған. Ғасырлық тарихы бар басылымның қарашаңырағы мен төл спортымызды ұштастырған бұл дүбірлі дода еліміздегі бұрыннан келе жатқан әрі беделді спорттық шаралардың бірі саналады. Келесі жылы дәстүрлі дода Созақ ауданында өтеді деп жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1211744?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді