ҰЛЫ АБАЙДЫ ҰЛЫҚТАҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шымкент қаласында рухани жаңғыруға серпін берген тағылымды бастама «ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАР» атты рухани-ағартушылық жоба өз жалғасын табуда. Қала әкімдігінің Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған бұл ауқымды жоба жастардың санасын жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат етеді.

Жоба аясында қазақ халқының ұлы ойшылдары мен ғұламаларының өмірі мен мұрасы кеңінен насихатталып, олардың өнегелі жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі етілуде. Апталық барысында түрлі форматтағы кездесулер, ашық пікірталастар мен тағылымды дәрістер ұйымдастырылып, дәстүрлі діннің адамгершілік, ізгілік пен бірлік секілді асыл қасиеттерді қалыптастырудағы рөлі жан-жақты түсіндірілуде.

Алғашқы күндері ағартушы Ыбырай Алтынсарин мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы еңбектері дәріптелсе, апталықтың үшінші күні қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы рухына арналды. Бүгін қаладағы Абай саябағына мектеп оқушылары Абайды жете тануға жиналды.

Бұл күн тек еске алу емес, Абай ілімін жүрекпен ұғыну, оның терең ойларынан тағылым алу күні болды. «Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті»

деген Абай ілімі ұлт руханиятының шамшырағы.

Шымкент қаласындағы республикалық «Ақниет» оңалту орталығының теолог маманы Тайтилеев Файзулла Абайды тереңінен тарқатып, оның тұлғалық болмысындағы парасат, сабыр, әділет пен имандылық ұғымдарының мәнін түсіндірді. Ал жас ғалым, PhD, абайтанушы-әуезовтанушы Әзімхан Исабек Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған «Абай» журналына сүйене отырып, ұлы ақынның қазақ қоғамындағы тарихи миссиясын айшықтап берді.

Ғалымның айтуынша, қараңғылық құрсауында қалған халыққа сәуле болып туған Абай тек ақын ғана емес, тұтас ұлттың рухани энергиясы. Оның әрбір қара сөзі мен өлеңі уақыт сүзгісінен өткен, адамзатқа ортақ құндылықтарға толы асыл қазына.

Кездесу барысында жастар еркін пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды. Ашық диалог алаңы қалыптасып, қатысушылар көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Осындай мазмұнды жүздесулердің жастардың дүниетанымын кеңейтіп, рухани ізденіске жетелейтіні анық.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1211531?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді