Агенттікте Қоғамдық кеңес отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың іске асырылуы талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, қабылданып жатқан шаралар мен қол жеткізілген нәтижелер қаралды.

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушіліктің қалыптасуында оң динамика байқалатыны атап өтілді. Бұл 2025 жылдың соңында «Қоғамдық пікір» зерттеу институты жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелерімен расталады. Зерттеу деректеріне сәйкес, азаматтардың 69%-ы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге жеке үлес қосуға дайын екенін білдірсе, 79,9%-ы құқықбұзушылық фактілері туралы хабарлауға дайын екенін көрсеткен. Сонымен қатар респонденттердің 70%-ы соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлық деңгейі төмендегенін атап өткен.

Әлеуметтік зерттеу нәтижелері құқықтық статистика деректерімен де сәйкес келеді: 2025 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар саны 26%-ға төмендеген. Жалпы, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін 841 адам сотталған. Олардың басым бөлігін әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері (188), ішкі істер органдарының қызметкерлері (126), сондай-ақ Қаржы министрлігінің қызметкерлері (32) құрайды. Өңірлік бөліністе сотталғандардың ең көбі Астана (88) және Алматы (67) қалаларына, сондай-ақ Түркістан (67), Қызылорда (59) және Жамбыл (58) облыстарына тиесілі. Бұл ретте сотталғандардың үлесі мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының (83 920 адам) небәрі 0,3%-ын құрайды.

Агенттіктің Қоғамдық кеңесі төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыру және теріс стереотиптерді еңсеру үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тәсілдерін жетілдіріп, формалды шаралардан нақты әрі нәтижелі шешімдерге көшу маңызды.

Заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері Марат Қоғамов халықаралық рейтингтерде Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы оң динамикасын атап өтті. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу функцияларын жеке ведомствоға беру қоғамдық сұранысқа дер кезінде берілген жауап болды. Өз кезегінде «Қытай зерттеушілері қауымдастығы» қоғамдық қорының төрағасы Қазбек Майгелдинов сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын тұлғаларды қорғау институтын дамыту қажеттігіне назар аударды. Оның ішінде мемлекеттік органдарда сенімді әрі құпия кері байланыс арналарының болуы маңызды екені айтылды.

Отырыс қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсынымдар әзірленді. Сонымен қатар мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы тұрақты өзара іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.

Ағымдағы жылы 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының іске асырылуы аяқталатыны айтылды. Бұл құжат аталған саланы одан әрі жетілдіруге негіз қалады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы айқындаған «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын ескере отырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктеріне практикалық тұрғыда енгізілетін жаңа бағдарламалық құжат әзірлеу жұмыстары басталды.

Жаңа тұжырымдаманы іске асыру мемлекеттік органдардың, сот жүйесінің, сарапшылық және академиялық қауымдастықтың, бизнес пен азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіруді талап етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qyzmet/press/news/details/1212495?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді