Алматыда төмен эмиссиялы аймақ (LEZ) пилоттық режимде іске қосылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматыда 28 сәуірден бастап төмен эмиссиялы аймақтың (LEZ) техникалық пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл туралы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері хабарлады.

Пилоттық режим Бөгенбай батыр көшесінен оңтүстікке қарай, Абай даңғылынан солтүстікке қарай, Желтоқсан көшесінен шығысқа және Достық даңғылынан батысқа қарай орналасқан аумақта жүзеге асырылуда. Жобаның операторы — «Алматы Паркинг» МКК.

Қазіргі кезеңде жүйе сынақ режимінде жұмыс істейді. Жүргізушілер үшін қозғалысқа шектеу, айыппұл немесе кіру ақысы қарастырылмаған.

Негізгі мақсат — цифрлық инфрақұрылымды сынақтан өткізу және көлік ағыны мен олардың ауа сапасына әсері туралы деректер жинау.

Сынақ режимі аясында мынадай жұмыстар жоспарланған:
— «ақылды» камералардың, радарлық сенсорлардың және көлікті автоматты тану жүйелерінің нақты ауа райы мен жол жағдайында дұрыс жұмыс істеуін тексеру;
— көлік ағыны мен ауа сапасы датчиктерінің дерегін сәйкестендіріп, белгілі бір аумақтағы трафиктің экологияға әсері туралы объективті көрініс қалыптастыру;
— деректерді қорғаулы арналар арқылы беру жүйесін реттеу және ІТ-мамандар, экологтар мен жол қозғалысын басқару қызметтері арасындағы өзара іс-қимылды пысықтау. Бұл болашақта кез келген реттеуші шешім қабылдауға дейін бірыңғай әрі сенімді цифрлық платформа қалыптастыруға мүмкіндік береді;
— қалалық мобильділікке терең талдау жүргізуге және «ақылды қала» стратегиясын әзірлеуге қажетті деректер базасын қалыптастыру.

Пилоттық кезеңде негізгі назар технологияларды шектеу шараларын енгізбестен сынақтан өткізуге бағытталған. Басқарма мамандары атап өткендей, бұл автокөлік иелерін шектеуге қатысты емес, ең алдымен технологияның тиімділігін тексеруге бағытталған. «Біз датчиктердің деректерді қаншалықты дәл жинайтынын, жүйелердің қаншалықты жылдам ақпарат алмасатынын және инфрақұрылымның дайындық деңгейін бағалаймыз. Болашақта нақты деректерге сүйене отырып, қаланың ауасын жақсартуға мүмкіндік беретін сенімді цифрлық негіз қалыптастырамыз», — деп түсіндірді басқарма өкілдері.

Сынақ кезеңі 2026 жылы 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Көрсетілген аумақта қозғалыс қалыпты режимде жүзеге асырылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1212685?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді