
“Заң мен тәртіп” қағидаты аясында ІІМ республика аумағында “Қару” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Шараның мақсаты – тіркелген атыс қаруын қолдану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ оның жоғалуы, ұрлануы және талапқа сай сақталмауының жолын кесу.
Шара барысында тұрғылықты мекенжайлар бойынша 48 мыңнан астам қару иесі, сондай-ақ орталықтандырылған сақтау орындарында сақталған 3 мыңнан астам қару бірлігі тексерілді.
Нәтижесінде қару айналымы мен тіркеу тәртібін бұзудың 515 фактісі анықталды. Оның ішінде қаруды сақтау жағдайларының заңнама талаптарына сәйкес келмеуі тіркелді. Заңсыз айналымнан 25 атыс қаруы тәркіленді.
Сонымен қатар Алматы облысында 1944 жылы шығарылған Наган ойық ұңғылы тапанша тәркіленді. Аталған қару Жетісу облысында жасалған қарақшылық шабуыл кезінде ұрланған.
Бұдан бөлек, “Қылмыстық қару” есебінде тұрған, ішкі істер органдарының бақылауынан жалтарып жүрген 7 қару иесінің жүрген жері анықталды.
Мәселен, Алматы қаласында қару иесі Алматы облысының ауылдық округіне көшіп кеткеніне қарамастан, бір жылдан астам уақыт бойы ішкі істер органдарына жүгініп, қаруды есепке қоймаған. Нәтижесінде ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қаруы тәркіленді.
Ішкі істер министрлігі атыс қаруының иелеріне қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтап, қаруды тіркеу, сақтау және қауіпсіз пайдалану тәртібін бұзбау қажеттігін ескертеді.
Қаруға салғырт қарау қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1212095?lang=kk

Жауап қалдыру