МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАР ҮШІН ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІ ЖЕТІЛДІРІЛУДЕ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – азаматтардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, оңалту қызметтерінің сапасын арттыру, олардың қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету.

Осыған байланысты тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу жоспарланған. Соның ішінде Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылатын техникалық оңалту құралдары мен қызметтердің құнын өтеуге арналған кепілдендірілген соманы есептеу әдістемесі қайта қаралуда.

Бұған дейін кепілдендірілген сома бірнеше ақпарат көзі негізінде анықталса, жаңа тәсіл бойынша ол әлеуметтік қызметтер порталы мен электрондық сауда алаңдарының нақты нарықтық деректері арқылы есептелетін болады. Бұл үшін мемлекеттік цифрлық жүйелермен интеграция жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта кепілдендірілген сома адам араласуынсыз автоматты түрде қалыптастырылып, ашықтықты, объективтілікті және бірыңғай тәсілді қамтамасыз етеді.

Жаңашылдықтардың негізгі нәтижелері ретінде техникалық оңалту құралдарының құнын қалыптастыру процесін толық цифрландыру, адам факторын азайту, әділ баға белгілеу және бюджет қаражатын тиімді пайдалану көзделіп отыр. Үнемделген қаражат заманауи, технологиялық әрі сапалы оңалту құралдарын енгізуге бағытталмақ.

Сонымен қатар, Әлеуметтік қызметтер порталындағы қызмет көрсету сапасын арттыру, көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен тиімділігін күшейту бойынша да жүйелі жұмыстар қолға алынған. Өнім берушілердің жұмысын жетілдіру, порталдағы қызмет көрсету тәртібін реттеу және көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау мәселелері басты назарда.

Портал арқылы қызмет көрсету барысында заң талаптарын сақтау, азаматтарға сапалы әрі уақтылы қызмет ұсыну – барлық өнім берушілер мен мердігерлердің негізгі міндеті. Осыған байланысты барлық тараптардан жауапкершілікпен жұмыс жүргізу, азаматтардың өтініштеріне мұқият қарау және белгіленген талаптарды сақтау сұралады.

Қабылданып жатқан өзгерістер мен жаңартулар жөніндегі ресми ақпараттар тұрақты түрде жарияланып отырады.

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы халыққа сапалы қызмет көрсету және мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-social/press/news/details/1212013?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді