
2026 жылғы 30 сәуірде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Өрт қаупі бар кезеңнің басталуы туралы» тақырыбында брифинг өткізілді, онда Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары М. Елемесов сөз сөйледі.
Спикер атап өткендей, орман және дала өрттерін дер кезінде анықтау және жедел сөндіру мақсатында табиғат қорғау және орман мекемелері жоғары дайындыққа келтірілді.
Жұмылдырылған күштердің саны мемлекеттік орман күзетінің 7,6 мыңнан астам адамын құрайды, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың желісі бойынша – 4,2 мың адам, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша – 3,4 мың адам.
Орман және дала өрттерін сөндіру үшін шамамен 2 495 бірлік өртке қарсы техника, оның ішінде 681 өрт сөндіру автомашинасы, 600 кіші орман патрульдік өрт сөндіру кешені (КОПК), тіркемелі жабдығы бар 1200-ден астам трактор, сондай-ақ 77 мыңнан астам шанц құралы пайдаланылатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде Комитет жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мемлекеттік орман иеленушілердің материалдық-техникалық базасын жаңартуды жалғастыруда.
2024-2025 жылдары бюджет қаражаты және кәдеге жарату алымы есебінен 1 561 бірлік техника, оның ішінде 240 өрт сөндіру машинасы, 478 шағын орман патрульдік өрт сөндіру кешені, 566 трактор, 269 патрульдік және 8 жүк көлігі сатып алынды.
2026 жылдың басынан бастап 223 бірлік техника (36 өрт сөндіру машинасы, 30 КОПК, 157 трактор) жеткізілді. Ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін тағы 219 техника (168 өрт сөндіру машинасы, 16 КОПК, 35 трактор) жеткізіледі.
Өрттерді ерте анықтау жүйесімен (ЕАЖ) орман қорын қамту алаңы 1,5 млн-нан 2,5 млн гектарға дейін ұлғайтылды. Сайрам-Өгем, «Баянауыл», «Қарқаралы», «Бұйратау», «Іле-Алатау» және «Көлсай көлдері» ұлттық парктерінің аумақтарында жүйені енгізу аяқталуда.
2026 жылғы өрт қауіпті кезеңге дайындық шеңберінде «2026 жылғы өрт қауіпті кезең жағдайында төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға басқару органдарын, азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарын даярлау» тақырыбы бойынша «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылады. Оқу-жаттығу ағымдағы жылдың 28-29 мамырына жоспарланған.
Өрт қаупі бар кезеңнің өтуі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің тұрақты бақылауында.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/forest/press/news/details/1212313?lang=kk

Жауап қалдыру