
Елімізде табиғи өрттердің алдын алу және халықты қорғау бойынша белсенді жұмыс өрт қауіпті кезеңге дейін басталып кетті. Ол үшін Төтенше жағдайлар министрлігі Экология министрлігі, әкімдіктер және басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп кешенді шаралар қабылдады. Бұрынғыдай, өрттің алдын алуға және оны ерте анықтауға басты назар аударылды. Республикалық жедел штаб жұмысын бастады. Бұл туралы ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Асқар Төлешев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, үйлестіру ТЖМ-ның цифрлық сервистері шоғырланған Ахуалдық залының техникалық мүмкіндіктері арқылы жүзеге асырылады.
«Мұнда өртті ерте анықтау және космомониторинг жүйелерінің деректері арқылы өрт жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. Қосымша «Табиғат» жүйесі, найзағай бағыттау сервистері және «Төтенше жағдайлардың геоақпараттық жүйесі» қосылды. Орман алқаптары бар өңірлерде әуе кемелерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Өрт қауіпті жағдайды бақылау үшін аэрокөзбен шолып зерттеулер жүргізілуде, ұшқышсыз ұшу аппараттары іске қосылды. Жыл сайынғы тәжірибе бойынша орманшылықтарда механикаландырылған күзет ұйымдастырылды», – деді спикер.
Сонымен қатар ауылдық жерлерде азаматтық қорғау жүйесін дамытуға және нығайтуға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламаны іске асыру жалғасуда. Бағдарлама жұмыстың басым бағыттарының біріне айналды және шалғайдағы елді мекендердегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. Еліміз бойынша 169 өрт сөндіру пункті құрылып, олардың күшімен 900-ге жуық өрт жойылды.
Азаматтық қорғау академиясында орман күзетінің, өрт сөндіру станцияларының және әуе қызметінің 360 басшысы оқытылды. Мамыр айында Қостанай облысында «Өрт-2026» республикалық оқу-жаттығуы жоспарланған. Табиғи өрттердің шектес мемлекеттердің аумағынан ықтимал өтуі қаупі төнген кезде өзара іс-қимылды пысықтау үшін мемлекеттік шекара арқылы авариялық-құтқару құралымдарын оңайлатылған өткізуді пысықтай отырып, трансшекаралық оқу-жаттығулар көзделген.
Сонымен қатар табиғатты қорғау және орман мекемелерімен өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілуде. Орманды дала алқаптарында профилактикалық рейдтер мен патрульдеу басталды. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін жалпы сомасы 12,8 млн теңгеге 645 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-uil-oyil/press/news/details/1212764?lang=kk

Жауап қалдыру