
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары 2026 жылғы 30 сәуірде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасын мақұлдады.
Заң жобасы мемлекеттік қызмет моделін жаңғыртуға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған. Құжат Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 17 шілдедегі №602 Жарлығымен бекітілген 2024–2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленді.
Жаңа редакциядағы заң мемлекеттік қызметтің миссиясын айқындап, азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшуді көздейді. Сонымен қатар мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру және кадрлық процестерді цифрландыру мәселелеріне басымдық беріледі. Құжатта мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған мінез-құлық моделін қалыптастыру қарастырылған. Атап айтқанда, азаматтар мен ұйымдардың өтініштеріне белгіленген мерзімде толық әрі сапалы жауап беру міндеті күшейтіледі. Өтініштерді формальды негіздер бойынша қараудан бас тартуға жол берілмейді. Сондай-ақ азаматтарға құжаттардағы қателер мен сәйкессіздіктерді түзетуге мүмкіндік беру көзделген.
Жас әрі білікті кадрларды тарту мақсатында мемлекеттік қызметке алдын ала даярлау институтын енгізу ұсынылады. Жоғары оқу орындарының студенттері оқу барысында кәсіби бағдардан өтіп, оқуын аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте кемінде үш жыл еңбек етуге тиіс.
Маңызды жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік қызметке іріктеу процесін толық цифрлық форматқа көшіру. Кандидаттарды іріктеу «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі, бұл конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен әділдігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіби мамандарды ұстап қалу және мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру үшін көлденең мансаптық өсу тетігі енгізіледі. Бір лауазым шеңберінде бірнеше деңгей белгіленіп, қызметтік өсім тиімділік нәтижелеріне байланысты болады.
Құжат мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін кеңейтуді де қарастырады. Атап айтқанда, артық жұмыс уақыты үшін өтемақы төлеу, қосымша ақылы демалыс беру. Заңсыз жұмыстан босатылған немесе қызметі төмендетілген жағдайда қайта қалпына келтірілген қызметкерлерге өтемақы төлеу нормасы қарастырылған.
Заң жобасы тәртіптік жауапкершілік мәселесінде де икемді тәсілдерді енгізуді көздейді. Тәртіптік істерді қарау кезінде жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескерілетін болады. Сарапшылардың пікірінше, аталған нормаларды іске асыру мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттырып, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qyzmet/press/news/details/1212810?lang=kk

Жауап қалдыру