2026 жылғы 30 сәуір күні сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма екінші сессиясы өтті.
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма екінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, басқарма басшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді. Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Атап айтсақ, «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2025 жылғы 15 желтоқсандағы №20/268-VІII шешіміне өзгерістер енгізу туралы; Түркістан облысы әкімдігінің дербес құрамындағы өзгерісті келісу туралы; «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 24 тамыздағы № 14/172-VI шешіміне толықтырулар енгізу туралы мәселелер қаралды. Сонымен бірге «Түркістан облысы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 12/161-VIII шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі де талқыланды.
Депутаттар аталған мәселелер бойынша өз сұрақтарын қойып, тиісті шешімдер қабылдады.
Облыс әкімі сессия жұмысын қорытындылап, мәслихат жұмысына табыс тіледі.
– Алдымен баршаңызды келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Біз облысымыздағы экономикалық табыстарға халқымыздың бірлігі мен еңбегі арқылы қол жеткіздік. Өңірдегі этнос өкілдері де біртұтас Қазақ елінің дамуына үлес қосып келеді. Осы ынтымағымыз мәңгі болып, Түркістанымыз дами берсін. Екіншіден, мамыр айының ортасында Түркістанға түркі тілдес елдердің президенттері келіп, маңызды жиын өткізеді. Бауырлас елдердің ынтымағы мен берекесін арттыратын келісімдер жасалады. Осындай маңызды жиындар арқылы облыстың инвестициялық, туристік әлеуеті көтеріледі. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен аса маңызды басқосуды киелі Түркістан төрінде өткізу – біздің өңірге деген шынайы жанашырлығы мен қолдауы деп білемін. Біз осы іс-шараны жоғары деңгейде өткізіп, сенімді ақтауға міндеттіміз. Бүгінгі кезектен тыс сессияда өңіріміз үшін маңызды шешімдер қабылданды. Бұл қадамдар облыс экономикасын нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Біздің басты міндетіміз – тұрғындарды толғандыратын мәселелерді жедел әрі сапалы шешу. Осы бағытта әкімдік пен мәслихаттың бірлескен жұмысы айрықша маңызға ие. Биылғы жылдың бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерде оң өсім сақталды. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 119,4%-ды құрап, республика бойынша 2 орында тұрмыз. Бұл – облысымыздың әлеуетін тиімді пайдаланудың нәтижесі. Біз осы қарқынды сақтап, бірлескен жұмысты жандандыра түсуіміз қажет. Алдағы уақытта бүгін қабылданған шешімдерді жүзеге асыруда бірлесе жұмыс атқарамыз деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.
Жауап қалдыру