ТҮРКІСТАНДА «TURAN DANCE» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БИ БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Облыс орталығында Халықаралық бишілер күніне орай «TURAN DANCE» республикалық би байқауы басталды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен бөлек, өзге де мемлекеттерден келген кәсіби би ұжымдары «халық биі» жанры бойынша өз өнерлерін ұсынды.
Іс-шараны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде өңірде мәдениет саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
 
Байқаудың мақсаты – еліміздегі кәсіби би өнерін дамыту, шығармашылық ұжымдардың тәжірибе алмасуына жағдай жасау және заманауи әрі дәстүрлі би бағыттарын насихаттау.
 
Қазылар алқасы би ұжымдарының орындаған қойылымының сахналық және көркемдік деңгейіне, халықтық би элементтерінің дұрыс әрі таза орындалуына баса назар аударып, әділ баға берді. Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Қызылорда облысынан келген «Томирис» би ансамбліне бұйырды. І орынды Түркістан облысының «Би Сұлтан» би ансамблі иеленсе, ІІ орын Астана қаласынан келген ҚР Ұлттық Ұлан ән-би ансамбліне табысталды. Ал ІІІ орынға Астана қаласынан келген «Alem заманауи» би ансамблі ие болды.
 
Сонымен қатар Қарақалпақтан келген «Айқұлаш» ұлттық мемлекеттік фольклор ансамблі, Шымкент қаласынан келген «Шамсинур» би ансамблі, Орал қаласынан келген «Арна» би ансамблі, түркістандық «Samgau» би ансамблі және тараздық «Шолпы» би ансамбльдеріне арнайы жүлде табысталды.
 
Айта кетейік, биыл байқауға 70-тен астам үміткер өтінім жолдап, оның ішінде іріктеуден 25 өнер ұжымы өтті. Байқау ертең де заманауи би жанры бойынша жалғасады. «Керуен сарай» туристік кешенінде сағат 19:00-де басталады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-madeniet/press/news/details/1212221?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді