
Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) штаб-пəтерінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қатысушы мемлекеттердің Шолу конференциясы аясында Қазақстан Республикасының делегациясы халықаралық таратпау режимі жəне ядролық қарусыздануды нығайту бойынша белсенді жұмысын жалғастырды.
Қазақстан Ядролық қарудан бос аймақтар жөніндегі коалицияның төрағасы ретінде Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарты (Семей шарты) шеңберінде қазақстандық делегацияның басшысы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі ядролық қаруға тыйым салу агенттігінің (OPANAL) Бас хатшысы Хуан Карлос Охедамен консультациялар өткізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар 2024 жылғы желтоқсанда қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандумды одан əрі нығайту үшін нақты шаралар мен қадамдарды келісті.
Шолу конференциясы аясында Қазақстан БҰҰ-ның Қарусыздану мəселелері жөніндегі басқармасы (UNODA), БҰҰ Қарусыздану мəселелерін зерттеу институты (UNIDIR) жəне Nuclear Threat Initiative (NTI) үкіметтік емес зерттеу орталығы серіктестігімен ядролық қарудан бос аймақтарды нығайту жəне Семей шартының 20 жылдығына арналған арнайы іс-шара ұйымдастырды. Іс-шараны аша отырып, Е.Ашықбаев ядролық қарудан бос аймақтардың қарусыздану жəне жаһандық таратпау режимін тұрақтандыратын маңызды элементтердің бірі ретіндегі рөлін атап өтті.
Пікірталасқа Орталық Азия елдерінің өкілдері, сондай-ақ ядролық қаруға ие мемлекеттердің делегация басшылары мен шолу конференциясына қатысушы сарапшылар белсенді қатысты. Талқылау барысында қатысушылар Семей шартына қатысты теріс кепілдіктер хаттамасын ратификациялауды аяқтау жəне басқа да ядролық қарудан бос аймақтардың хаттамаларын ратификациялау қажеттігін, сонымен қатар əлемнің басқа өңірлерінде жаңа аймақтарды құру қажеттігін ерекше атап өтті.
Қазақстан делегациясының басшысы АҚШ, Қытай жəне Германия делегация басшыларымен нақты келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында тараптар халықаралық қауіпсіздік күн тəртібінің өзекті мəселелері бойынша пікір алмасып, Қазақстанның шолу конференциясының Екінші бас комитетінде төрағалық етуі шеңберіндегі ұстанымдарын талқылады. Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың ядролық державалар арасындағы диалогты қайта бастау туралы бастамасын іске асыру арқылы ядролық қауіпті азайтуға нақты əрі шынайы үлес қосуға дайын екенін қайтадан растады.
ЯҚТШ Шолу конференциясы 2026 жылғы 22 мамырға дейін жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1211847?lang=kk

Жауап қалдыру