
2026 жылғы 23 сәуірде Атырау облысы Әділет департаментінің Зияткерлік меншік құқығы бөлімі Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» Атырау облысы бойынша өңірлік палатасымен бірлесіп, аралас форматта — офлайн және онлайн (Zoom платформасы арқылы) «Зияткерлік меншік және спорт: стартқа,назар, инновациялар!» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараға Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Олимпиада даярлау орталығының директоры Рашит Қожахметұлы Құлбаев, спорт ұйымдарының өкілдері, заңгерлер, сала мамандары және жас зерттеушілер қатысты.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар спорт саласындағы зияткерлік меншікті қорғау және дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Әсіресе, брендтер мен логотиптерді қорғау, медиаконтент пен спорттық трансляцияларға құқықтар, сондай-ақ спорттық өнімдердің заңды айналымы мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Олимпиада даярлау орталығының директоры Рашит Қожахметұлы Құлбаев спорт саласын дамытудағы зияткерлік меншіктің маңыздылығын атап өтіп, осы бағыттағы құқықтық қорғауды күшейту қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жүйелі жұмыс спорт индустриясының тұрақты дамуына және адал бәсекелестік ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.
Қатысушылар сондай-ақ контрафактілік өнімдердің таралуына қарсы іс-қимыл, авторлық құқықтарды сақтау және құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру мәселелеріне ерекше мән берді.
Іс-шара қорытындысы бойынша заңнаманы жетілдіру, цифрлық кеңістіктегі бақылауды күшейту, сондай-ақ мемлекеттік органдар, спорт ұйымдары мен бизнес қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленді.
Өткізілген дөңгелек үстел спорт саласындағы зияткерлік меншікке қатысты өзекті мәселелерді талқылау және оларды шешудің бірлескен тәсілдерін қалыптастыру үшін маңызды диалог алаңына айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet-atr/press/news/details/1212594?lang=kk

Жауап қалдыру