
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың, өзара құрмет пен келісімнің жарқын көрінісі. Көпэтносты Қазақстан үшін бірлік пен ынтымақ – ең қастерлі құндылықтардың бірі. Бүгінде түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ортақ Отанымыздың дамуына үлес қосып келеді.
Маңғыстау өңірі де – достық пен өзара түсіністіктің үлгісін көрсетіп отырған аймақтардың бірі. Мұнда әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір мақсат, бір мүдде жолында еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда.
Биыл біз тарихи маңызы зор оқиға – жаңа Халықтық Конституцияның қабылдануына куә болып, оның тікелей қатысушысына айналдық. Бірлігі бекем Қазақстан халқы еліміздің болашағына айрықша ықпал ететін маңызды өзгерістерді қолдап, шынайы патриотизмнің үлгісін танытты. Біз бүгінде жаңа негізге сүйенген, болашағы жарқын, қарқынды дамып келе жатқан, озық Қазақстанның қалыптасу кезеңін бірге өткеріп жатырмыз.
Мемлекет басшысы атап өткендей, халқымыздың ауызбіршілігі мен тілеулестігі – ел дамуының басты тірегі. Біз жұрт болып жұмыла білсек, кез келген сын-қатерді еңсеріп, биік белестерді бағындыра аламыз. Сондықтан бірлік пен ынтымақты нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Халқымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп бекер айтпаған. Бірлігіміз бекем болса, алар асуымыз да көп болары анық.
Осы айтулы күні әр шаңыраққа амандық, денсаулық, бақ-береке тілеймін! Ел бірлігі нығайып, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Мереке құтты болсын!
Құрметпен,
Маңғыстау облысының әкімі
Нұрдәулет Қилыбай
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1212957?lang=kk

Жауап қалдыру