
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Шымкент қаласының барлық аудандарында кең ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Бірлік пен татулықты ту еткен бұл мереке мегаполис көлемінде жоғары деңгейде өткізіліп, этносаралық келісім мен достықтың жарқын көрінісіне айналды.
Абай ауданында мереке Қызылжар мәдениет үйінде өткен салтанатты концертпен бастау алды. Іс-шара барысында түрлі этнос өкілдерінің ұлттық тағамдары мен киімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар тақырыптық викториналар өткізіліп, белсенді қатысушылар марапатталды. Өнерпаздардың ән мен биі көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Әл-Фараби ауданында өткен мерекелік жиында аудан әкімі Маратбек Сәменбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, ел бірлігі мен татулықтың маңызына ерекше тоқталды. Ауданның дамуына үлес қосқан азаматтар алғыс хаттармен марапатталып, салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Еңбекші ауданында мерекелік іс-шара Қазақстан-Түркия саябағында ұйымдастырылып, ашық аспан астында өткен концерт тұрғындардың кең қатысуымен өтті. Әсем ән мен би, көтеріңкі көңіл-күй мерекенің ажарын аша түсті.
Қаратау ауданында Наурыз саябағында өткен ауқымды шараға аудан тұрғындары мен қонақтары белсене қатысты. Ұлттық мәдени орталықтардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламада әр этностың өнері мен дәстүрі дәріптеліп, бірлік пен ынтымақтың үлгісі көрсетілді.
Тұран ауданында да мереке мазмұнды әрі әсерлі ұйымдастырылды. Арнайы көрмеде түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен қолөнері ұсынылып, концерттік бағдарламада достықты дәріптейтін шығармалар орындалды. Тұрғындар мен қонақтар мерекенің маңызын терең сезініп, ортақ құндылықтарды ұлықтады.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша ұйымдастырылған іс-шаралар мазмұнының байлығы және жоғары деңгейдегі үйлесімділігімен ерекшеленді. Бұл – қаладағы қоғамдық келісім мен бірліктің берік екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Мереке аясындағы әрбір іс-шара тұрғындарды ортақ мақсатқа ұйыстырып, ел ішіндегі татулық пен достықты нығайтуға бағытталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1212949?lang=kk

Жауап қалдыру