
Бүгін 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай аудан орталығы Темірланда Қажымұқан атындағы орталық стадионда ашық жүгіру марафоны ұйымдастырылып, оған 300-ге жуық адам қатысты.
Таңғы таза ауада басталған спорттық шараға аудан тұрғындары, жастар, мекеме қызметкерлері және спорт сүйер қауым белсенді атсалысты. Қатысушылар жарыс барысында тек жылдамдық пен төзімділікті ғана емес, өзара ауызбіршілік пен ынтымақтың да жарқын үлгісін көрсетті.
Іс-шараға аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде бұқаралық спортты дамыту – ел саулығының кепілі әрі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудан ақсақалдары марафоншыларға ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен спортшылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер алғыс хат пен медальдармен марапатталды.
Бұл марафон – салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтқан тағылымды іс-шара болды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1213052?lang=kk

Жауап қалдыру