
Ақмола облысы Қорғалжын ауданында жас акушер-гинеколог Сәбина Ұлан өз қызметіне кірісті. Астаналық медициналық университеттің түлегі ауылдық жердегі медициналық маман тапшылығын ескере отырып, осы өңірге келуді саналы түрде таңдады.
Сәбина Ұланның бұл аймаққа келіп, еңбек жолын бастауына «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы септігін тигізді. Аталған бастама жас маманға бастапқы кезеңде қажетті қолдау көрсетіп, жұмысқа бірден кірісуіне мүмкіндік берді.
«Мен Қорғалжын ауданын дәрігерлердің тапшылығын біле тұра таңдадым. Өңірдегі әйелдерге көмегім тисе деймін. Әріптестерім жылы қарсы алды, бұл – жас маман үшін өте маңызды. Тұрғындардың да сенімі мен құрметі ерекше, бұл мен үшін өте құнды», – дейді Сәбина Ұлан.
Ауылдық жерде жұмыс істеу дәрігерден үлкен жауапкершілікті талап етеді. Маманның айтуынша, қалалық клиникалардан айырмашылығы, мұнда өз бетінше шешім қабылдауға тура келеді. Сондықтан жұмыстың басым бөлігі емдеуден бөлек, аурулардың алдын алуға бағытталған.
«Қазір ауыл тұрғындары профилактикалық тексерулер мен скринингтерге жауапкершілікпен қарай бастады, алайда түсіндіру жұмыстары әлі де қажет. Ірі медициналық орталықтармен салыстырғанда ресурстардың шектеулі екені рас, бірақ бұл – кәсіби тұрғыдан өсуге талпындыратын жақсы фактор», – деп атап өтті дәрігер.
Мамандық таңдауы – жүрек қалауы. Университеттің алғашқы курстарында өмірге нәресте келуінің кереметін көріп, өмірін әйелдерге көмектесуге арнайтынын түсінді. Алдағы уақытта жас маман біліктілігін арттырып, гинекологиядағы ультрадыбыстық диагностика дағдыларын меңгеруді жоспарлап отыр.
Сәбина Ұлан мемлекеттік көмектің жеделдігін де ерекше айтып өтті:
«Мен Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасынан көтерме жәрдемақыны өте тез алдым, бұл бастапқы кезеңде үлкен қолдау болды».
Ауылдық жерлерге білікті мамандарды тарту – тек кадр тапшылығын жою ғана емес, сонымен бірге шалғайдағы аудан тұрғындарына сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ететін маңызды қадам.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-uvp/press/news/details/1213124?lang=kk

Жауап қалдыру