
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Жиында ең алдымен аудандардың тазалығы бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесі қаралды. Атап айтқанда, көшелер мен аулалардың тазалығы, тұрмыстық қалдықтарды шығару жүйесі, қоғамдық орындардың күтімі, сондай-ақ стихиялық қоқыс орындарының пайда болуы секілді мәселелер сараланды. Бұл бағыттағы ахуал жан-жақты талданып, әрбір аудан бойынша нақты кемшіліктер мен атқарылған жұмыстардың тиімділігі салыстырмалы түрде бағаланды.
Зерделеу қорытындысымен жіті танысқан шаһар басшысы аудан әкімдері мен округ инспекторларының жұмысын қатаң сынға алды. Әсіресе, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау мен тиісті мекемелердің үйлесімді жұмысын жолға қою қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ кемшіліктер анықталған аумақтар бойынша жедел түрде нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, қысқа мерзімде нәтижеге қол жеткізу міндеті қойылды.
Қала әкімі өз сөзінде тазалық тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті екенін атап айтты. Осыған байланысты тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, заңсыз қоқыс төгетіндерге қатысты бақылауды күшейтіп, тиісті шаралар қабылдау бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Келесі кезекте қала әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Дархан Шершатов Тараздың 2026-2030 жылдарға арналған даму картасы туралы кеңінен баяндады. Дархан Ермаханбетұлының айтуынша, алдағы жылдары шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылады.
Аталған карта аясында өнеркәсіп өнімінің көлемін межеленген 4 жылдың бедерінде 986,8 миллиард теңгеге дейін жеткізу көзделуде. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін кезең-кезеңімен инвестициялық жобаларды іске қосу жоспарланып отыр. Нақтырақ тоқталсақ, ағымдағы жылы – 10, 2027 жылы – 11, 2028 жылы – 5, 2029 жылы – 3, 2030 жылы – 1 жоба жүзеге аспақ. Бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін арттыруға және қала экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, білім, мәдениет, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және өзге де салаларда бірқатар жемісті жобалар қолға алынып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіледі.
Кеңесте сонымен қатар 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысымен қалалық бюджеттің орындалуы, мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілу барысы мен Отан қорғаушы және Жеңіс күні мерекелерін атап өтуге әзірлік жұмыстары кеңінен талқыланды.
Жиын қорытындысында шаһар басшысы барлық бағыттағы жұмыстарды жүйелі үйлестіруді, белгіленген жоспарлардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, көтерілген мәселелердің орындалу барысы тұрақты бақылауда болатыны ескертіліп, әрбір сала басшысына жеке жауапкершілік жүктелді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-taraz/press/news/details/1213965?lang=kk

Жауап қалдыру