
Ақтау қаласында полиция қызметкерлері мен қалалық жол-техникалық инспекция бөлімінің қатысуымен көше-жол желісі және жол инфрақұрылымы нысандарына кешенді тексеру жүргізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты — жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, инфрақұрылымдағы кемшіліктерді дер кезінде анықтап, оларды жою арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
2026 жылғы 1 сәуірден бастап басталған тексеру барысында 250-ден астам құқық бұзушылық анықталды. Жүргізілген талдау нәтижесінде 24 ұйғарым беріліп, Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің бірқатар баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Анықталған негізгі құқық бұзушылықтардың қатарында жол жабынының қанағаттанарлықсыз жағдайы, инженерлік элементтердің (люктер, құдықтар) ақаулары, сондай-ақ жол таңбаларын ұйымдастыру мен бағдаршам нысандарының жұмысындағы кемшіліктер бар. Бұл кемшіліктер жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етуі мүмкін екені атап өтілді.
Әкімшілік жауапкершілікке тек қызмет көрсетуші ұйымдар ғана емес, сонымен қатар коммуналдық қызметтер мен мердігер ұйымдардың тиісті лауазымды тұлғалары да тартылды.
Қазіргі уақытта тексеру шаралары жалғасуда. Берілген ұйғарымдардың орындалуы полиция мен тиісті бақылау органдарының қатаң қадағалауында. Ұйғарымдар орындалмаған жағдайда заңнамаға сәйкес қосымша шаралар қабылданатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1213805?lang=kk

Жауап қалдыру