Ақтөбеде шегіртке мен киік мәселесі бақылауға алынды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде шегірткенің таралуы, алдын алу шараларын жүргізу, сондай-ақ киіктердің көші-қонын реттеу және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау мәселелері қаралды.

Ақтөбе облыстық агроөнеркәсіптік кешендегі аумақтық инспекциясының басшысы Дастан Сағыровтың айтуынша, биыл облыс аумағында үйірлі шегірткелерге қарсы 424,055 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 88,9 мың гектарға аз.

Өңдеу жұмыстары жерүсті техникасы, авиация және дрондар арқылы жүргізіледі. Барлығы 74 бірлік бүріккіш техника жұмылдырылады. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен дара шегірткелерге қарсы 159,6 мың гектар алқапта өңдеу жоспарланған.

«Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша облыс аумағында жұмыс жүргізетін мердігер ұйымдар анықталды. Олар – «Магтоксин» ЖШС, «Бағжан» ЖК, «Авиакомпания АЭРО» ЖШС және «Фитосанитария» РМК. Барлық жұмыс кешенді түрде жүргізіледі. Яғни мердігер ұйымдар препараттармен өздерін қамтамасыз етеді және пайдаланылған ыдыстарды кәдеге жаратады», – деді Дастан Сағиров.

Аудан әкімдіктерінде фитосанитарлық жағдайға жедел әрекет ету үшін штабтар құрылып, іс-қимыл жоспарлары бекітілген.

Жиында киіктердің көші-қоны мәселесі де жеке қаралды. Ақтөбе облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділгерей Әуелбаевтың мәліметінше, облыста Бетпақдала және Үстірт киік популяциялары мекендейді. Олардың саны тиісінше шамамен 190 мың және 67,5 мың басты құрайды. Сонымен қатар шекара маңында Орал популяциясының шағын топтары тіркелуде.

Бетпақдала популяциясы Ырғыз және Әйтеке би аудандары арқылы өтеді, жалпы саны шамамен 190 мың бас. Оның ішінде 8 мыңға жуық киік Ырғыз-Торғай табиғи резерваты аумағында тұрақтайды. Жануарларды қорғау үшін инспекторлар топтары, техника және мобильді жасақтар тартылған.

Үстірт популяциясы Байғанин, Шалқар және Мұғалжар аудандарында таралған, саны шамамен 67,5 мың бас.

Орал популяциясының саны шамамен 5 мың бас, олар Қобда ауданында және шекаралас аумақтарда кездеседі.

Ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау үшін 30 мобильді инспекторлық топ, техника және табиғатты қорғау қызметтерімен бірлескен рейдтер ұйымдастырылған. 2026 жылы қорғаныс шараларының қамту аумағын 87 мың гектар егіс алқабына дейін кеңейту жоспарлануда.

Жиын барысында барлық жауапты ведомство өзара іс-қимылын күшейту, ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді қорғауды қамтамасыз ету және шаруашылықтардың өздігінен қорғану шараларына дайындығын пысықтау тапсырылды.

Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау және шегірткелердің таралуы мен киіктердің көші-қонына байланысты тәуекелдерді азайту мәселелерінде жүйелі тәсілдің маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты өңір басшысы мониторингті күшейтуді, зиянкестердің ошақтарын дер кезінде анықтауды, химиялық өңдеуді уақытылы жүргізуді, сондай-ақ киіктер санын реттеу жүргізілуі мүмкін аудандарда инфрақұрылымдық дайындық мәселелерін пысықтауды тапсырды.

«Шегірткелердің таралуы мен киіктердің көші-қоны мәселелері өңірдегі ауыл шаруашылығының жағдайына тікелей әсер етеді және жауапты қызметтердің жүйелі әрі үйлесімді жұмысын талап етеді. Мониторингті күшейтіп, зиянкестер ошақтарын дер кезінде анықтау және қажетті алдын алу, қорғаныс шараларын жедел жүргізу қажет. Киіктердің көші-қонына қатысты егіс алқаптарын қорғау шараларын алдын ала қарастырып, шаруашылықтарды ақпараттандыру және қажет болған жағдайда жануарларды үркітудің тиімді тәсілдерін қолдану маңызды. Барлық жұмыс ұйымдасқан түрде және ауыл шаруашылығына зиян келтірілмей жүргізілуі тиіс», – деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, аграрлық сектор үшін тәуекелдерді азайтуға бағытталған қажетті шараларды дер кезінде қабылдауды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1213752?lang=kk