
Соңғы жылдары Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң нақты жұмыс істеп келеді. Бұл – қаржылық қиындыққа тап болған азаматтар үшін қарыздан құтылудың заңды жолы. Дегенмен, банкроттықты жеңіл шешім ретінде қабылдауға болмайды. Бұл – барлық басқа мүмкіндіктер таусылған кезде ғана қолданылатын соңғы шара. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Тобыл Демесинов мәлімдеді.
Бүгінде соттан тыс банкроттық рәсімі кеңінен қолданылып отыр. Ол тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздарға қатысты жүргізіледі. Ең басты талап – берешек көлемі 6 920 000 теңгеден аспауы керек. Сонымен қатар, азаматтың атында ешқандай мүлік болмауы және соңғы бір жыл ішінде қарызды өтеу бойынша айтарлықтай төлем жасалмауы қажет.
Ақмола облысында бұл рәсімге қызығушылық жоғары. Бүгінге дейін 16 мыңнан астам өтініш түскен. Оның ішінде 2496 адам банкрот деп танылып, 4,2 млрд теңгеден астам қарызы есептен шығарылған. Алайда өтініштердің басым бөлігі – 71 пайызы кері қайтарылған. Негізгі себептер – азаматтардың соңғы 12 айда төлем жасауы немесе атына тіркелген мүлкінің болуы.
Бұл туралы Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Тобыл Демесинов былай дейді:
«Банкроттық – қарыздан құтылудың бір жолы болғанымен, әр азамат оның салдарын толық түсінуі тиіс. Өйткені бұл шешім қаржылық өмірге ұзақ мерзімді шектеулер қояды».
Расында да, банкрот деп танылған азаматтар үшін белгілі бір шектеулер бар. Мысалы, 5 жыл бойы несие алу мүмкін болмайды, ал қайта банкроттық рәсіміне тек 7 жылдан кейін ғана жүгінуге болады. Сонымен қатар, үш жыл бойы олардың мүліктік жағдайы бақылауда болады.
Биылғы жылдың наурыз айынан бастап заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді. Енді ломбардтар алдындағы қарыздар бұл рәсімге кірмейді. Сондай-ақ, егер қарыз 5 жылдан астам уақыт өтелмей тұрса және сомасы белгіленген шектен аспаса, банкроттық рәсімі небәрі бір ай ішінде аяқталуы мүмкін.
Тобыл Демесинов бұл жаңашылдықтарға қатысты:
«Жаңа өзгерістер азаматтарға рәсімді жеңіл әрі қолжетімді етуге бағытталған. Бірақ қандай жағдайда да адамдар алдымен қарызды реттеудің басқа жолдарын қарастыруы керек», – деп атап өтті басшы.
Қорыта айтқанда, банкроттық – қаржылық қиындықтан шығудың нақты мүмкіндігі. Алайда бұл шешім жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан өтініш бермес бұрын оның барлық құқықтық және қаржылық салдарын мұқият саралаған жөн.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-uvp/press/news/details/1213455?lang=kk

Жауап қалдыру