
Жедел басқару орталығы – қала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі тіректердің бірі. Бейнебақылау көмегімен құқық бұзушылықтар дер кезінде анықталып, тиісті ақпарат жедел жолданады. Нәтижесінде полиция қызметкерлері шұғыл әрекет етіп, құқық бұзушылықтардың алдын алып, олардың жолын кеседі.
Атырау қаласы полиция басқармасы Жедел басқару орталығының инспекторы полиция аға лейтенанты Парасат Манарбекұлы Гилманов – қала қауіпсіздігін бейнебақылау арқылы қадағалап отыратын білікті мамандардың бірі. 10 жылдан астам ішкі істер органдарында абыройлы қызмет етіп келе жатқан полиция аға лейтенанты бүгінде Жедел басқару орталығында инспектор лауазымында қызмет атқаруда.
Парасат үшін ең бастысы – халықтың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуы. Ол өз міндетіне жоғары жауапкершілікпен қарап, тәулік бойы қала тыныштығын бақылауда ұстайды. Әрбір жағдайға мұқият мән беріп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және дер кезінде тоқтатуға бар күш-жігерін жұмсайды.
Мәселен, кезекшілік барысында ол қала аумағында бір топ жасөспірімдердің төбелесіп, бір-біріне әлімжеттік көрсеткенін бейнебақылау арқылы байқайды. Бұл туралы дереу патрульдік полицияға хабар беріліп, олар оқиға орнына жедел жетеді. Полиция қызметкерлерінің үйлесімді әрі шұғыл әрекет етуінің нәтижесінде құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, жасөспірімдер ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Олардың ата-аналары шақыртылып, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қолданылды.
Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар бейнебақылау инспекторларының тұрақты бақылауында. Соның нәтижесінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, дер кезінде анықтау және жолын кесу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1213201?lang=kk

Жауап қалдыру