
«Астана бас жоспары» ҒЗЖИ-на Франция астанасы Парижден делегация келді.
Іскерлік сапардың басты мақсаты – сәулет және қала құрылысы саласында кәсіби байланыс орнату, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылау болды.
Делегация құрамына 50-ге жуық француз сәулетшілері кірді. Бас жоспармен таныстыруды бас жоспардың мамандандырылған шеберханасының басшысы Мәулет Әлібаев белігілі жапон сәулетшісі Кисе Куракава әзірлеген алғашқы бас жоспар туралы ақпарат беруден бастады. Ол осы аталған құжат қаланың одан әрі дамуының негізі болғанын атап өтті.
Француз әріптестер елорданы Астанаға көшіру үдерісі, сондай-ақ оның дамуы барысында демографиялық өзгерістерге байланысты қабылданған қала құрылысы шешімдер туралы ақпаратты ерекше ықыласпен тыңдады. Сонымен қатар, қонақтардың назарына сәтті жүзеге асырылған көгалдандыру және абаттандыру жобалары ұсынылды.
Кездесуде сондай-ақ, белгілі қазақстандық сәулетшілер Серік Рүстембеков, Сағындық Жамбулатов және Владимир Лаптев қатысты. Серік Исаұлы өзінің жетекшілігімен әзірленген Есіл өзенінің жобасын таныстырса, Сағындық Смайылұлы қазақ хандығы тақырыбындағы заманауи интерпретациядағы жұмыстарын ұсынды.
Іс-шара соңында делегация өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оған жан-жақты жауаптар алды.
Француз сәулетшілері тәжірибе алмасуға және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қызығушылық танытты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-saulet/press/news/details/1213677?lang=kk

Жауап қалдыру