
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі – көп ұлтты қоғамымыздағы бейбітшілік пен келісімге берілетін зор маңызға баса назар аударатын еліміздегі аса маңызды мерекелердің бірі, бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі.
Біздің тәуелсіздігіміздің тарихы – Қазақстан халқының тұрақтылығы, достығы мен келісімінің тарихы. Мемлекетімізде барлық этностардың мүдделері нығайып, олардың ұлтына қарамастан құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталуда. Бүгінгі таңда бейбітшілік пен тұрақтылық – мемлекеттілігіміздің негіздерінің бірі, басты байлығымыз бен игілігіміз. Түрлі этностардың өкілдері Республикамызды өз Отаны деп санайды және бізде бар бейбітшілік пен бірлікті мақтан тұтады.
Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінің алаңында мерекелік шара және мәдениет үйінде Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің есеп беру концерті өтті.
Шараларға аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық қоғамдық кеңестің, ардагерлер, алқа билер кеңесінің төрағалары мен кеңес мүшелері, мекеме басшылары, аудандағы этномәдени бірлестіктері және қала тұрғындары қатысты.
Аудандық мәдениет үйінің алаңында аудандағы этномәдени бірлестіктері тарапынан арнайы көрме ұйымдастырылды және мәдениет үйінің фойесінде Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі оқушыларының дайындаған қолөнер және сурет көрмелері қойылды.
Мәдениет үйінің алаңындағы шараның соңы концерттік бағдарламамен, спорттық көріністермен жалғасты. Бірлік – еліміздегі саяси-экономикалық тұрақтылықтың басты әрі негізгі кепілі. Біздің әрқайсымыздың міндетіміз – бірлікті сақтау, дінаралық келісім мен бейбітшілікті нығайту ісіне өз үлесімізді қосу.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-sarysu/press/news/details/1213836?lang=kk

Жауап қалдыру