
Отандық ғылымда жеке жетістігімен ғана емес, еліміздің тұтас салаларының ілгері дамуына үлес қосып жүрген есімдер бар. Осындай жаңа буын ғалымдарының бірі – Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының ферроқорытпалар және қалпына келтіру процестері зертханасының меңгерушісі, философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор Ерболат Махамбетов.
Оның кәсіби жолы – металлургия ғылымының өзекті мәселелерін шешуге терең ден қойған ғалымның біртіндеп қалыптасуының айқын үлгісі. Инженерлік қызметтен бастап ғылыми бөлімді басқаруға дейінгі кезеңде ол әрдайым жоғары жауапкершілігімен, ғылыми бастамашылдығымен және озық технологияларды өндіріске енгізуге деген ұмтылысымен ерекшеленіп келеді. Оның зерттеулерінің негізгі бағыты – талапқа сай емес шикізат пен техногендік қалдықтардан кешенді ферроқорытпалар алудың ресурсты үнемдейтін технологияларын әзірлеу. Бұл – Қазақстан өнеркәсібі үшін стратегиялық маңызы зор міндет.
Сонымен қатар оның ғылыми әзірлемелері тек теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық жағынан да маңызды. Оның жетекшілігімен тазартылған ферромарганец өндіру технологиясы енгізіліп, Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институтында өндірістік учаске іске қосылды. Болат балқымасын раскислеу кезінде кальцийлі ферроқорытпаларды қолдану бойынша өнеркәсіптік сынақтар жүргізілді («Құрылысмет» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ). Сондай-ақ техникалық кремний мен титан құрамды қождарды алу бойынша технологиялық шешімдер әзірленіп, сынақтан өтті («Tau-Ken Temir» ЖШС, «Обухов кен-байыту комбинаты» ЖШС). Бұған қоса, металлургиялық қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған жобалар жүзеге асырылды («Kazakhmys Progress» ЖШС). Мұның барлығы өндіріс тиімділігін арттыруға, импортты алмастыруды дамытуға және Қазақстанның металлургия саласының шикізаттық базасын кеңейтуге нақты үлес қосуда.
Ғалым қызметінде ғылыми кадрларды даярлау ісі де ерекше орынға ие. Ерболат Махамбетов зерттеушілердің диссертациялық жұмыстарына жетекшілік етіп қана қоймай, еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарындағы диссертациялық кеңестердің қызметіне белсене қатысады. Соның ішінде Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Д. Серікбаев атындағы «Металлургия» бағыты бойынша диссертациялық кеңеске төрағалық етеді. Бұл оның жоғары ғылыми деңгейін және кәсіби ортадағы беделінің бейнесі.
Ерболат Махамбетовтің «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталуы – оның Қазақстан Республикасының ғылымы мен өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесінің заңды бағасы. Аталған марапат оның еңбегіне берілген жоғары құрметтің, кәсібилігі мен таңдаған ісіне адалдығының айқын көрінісі.
Кеңірек тұрғыдан алғанда, бұл оқиға елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ғылымның рөлінің артып келе жатқанын көрсетіп, Қазақстанның технологиялық болашағын қалыптастырудағы ғалымдардың үлесінің маңызын айқындай түседі. Мұндай жетістіктер ғылыми қауымдастықтың беделін нығайтып қана қоймай, жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беріп, оларды жаңа ізденістер мен жаңалықтарға жігерлендіреді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/comprom/press/news/details/1213997?lang=kk

Жауап қалдыру