“Таза Қазақстан” аясындағы игі іс: Сыр өңірінде тәртіп сақшылары ардагерлерге көмекке келді

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Қазақстанда соңғы жылдары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамалар кеңінен қолға алынып келеді. Соның ішінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы ерекше маңызға ие.
Аталған акция аясында еліміздің әр өңірінде сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер, саябақтар, қоғамдық орындар мен тұрғын үйлердің аулалары тазартылуда.  Өз кезегінде бұл істе полицейлер ерекше белсенділік танытып келеді.
Полиция қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі тек құқықтық тәртіпті сақтау ғана емес, сонымен қатар халықпен тығыз байланыс орнатып, әлеуметтік бастамаларға қатысу арқылы сенімді нығайту болып табылады.    
«Таза Қазақстан» акциясы осы бағыттағы жұмыстардың жарқын үлгісіне айналды. Полицейлер еріктілермен бірлесіп, әсіресе көмекке мұқтаж жандарға – ардагерлер мен қарт адамдарға ерекше көңіл бөлуде.
Акция барысында тәртіп сақшылары сексеннен асқан ішкі істер органдарының ардагерлері Алмағанбетов Жақсылық пен Көптілеуов Жеткерген қариялардың шаңырағына арнайы барып, тазалық жұмыстарына қолғабыс етті.
Көп жағдайда қарт кісілер үшін аула тазалау, шөп шабу, қоқыс шығару сияқты жұмыстар қиындық туғызатыны белгілі. Осыны ескерген полицейлер ауладағы қоқыстарды жинап, шөптерді шауып, айналаны ретке келтірді.
Ардагерлер өздеріне көрсетілген құрмет пен ілтипатқа ризашылықтарын білдіріп,  қызметкерлерге ақ баталарын берді. Бұл өз кезегінде ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді. 
Ардагерлердің өмір жолы адал еңбек пен азаматтық парыздың айқын көрінісі. Күн демей, түн демей ел тыныштығын күзету – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Осы жолда олар талай қиындықты еңсерді, талай сын сағаттарда қайсарлық танытты. Олардың айтқан ақылы мен ақ батасы  кейінгі буын үшін баға жетпес қазына.
«Таза Қазақстан» акциясы – ел көлемінде кең қолдау тапқан, маңызы зор бастама. Оның аясында атқарылып жатқан жұмыстар тек экологиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен ынтымақтастықты арттыруға ықпал етуде. Полицейлердің ардагерлерге көрсеткен көмегі – осы игі істің нақты көрінісі»,- деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kyzylorda/press/news/details/1213180?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді