ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ТҮНГІ ЖҮГІРУ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгін Түркістан қаласында ерекше форматтағы спорттық-мәдени іс-шара – Turkestan Night Run 2026 халықаралық түнгі жүгіру фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.
Жарыстың ерекшелігі – спорттық формат пен мәдени-танымдық мазмұнның үйлесім табуында. Қатысушылар жүгіру барысында Ұлы Жібек жолының тарихи атмосферасын сезініп, символикалық керуен сапарын бастан өткерді. Іс-шара аясында ұлттық мәдениетті дәріптейтін түрлі сахналық қойылымдар мен ойын-сауық бағдарламалары ұсынылды.
Фестиваль бағдарламасына сәйкес қатысушылар 5, 10 және 21 шақырым қашықтықтарда бақ сынады. Жалпы қатысушылар саны 2300 адамды құрады. Оның ішінде 6 шет мемлекеттен келген 70 қатысушы және еліміздің өзге өңірлерінен келген 800-ге жуық спортшы бар.
Жүгіру трассасы арнайы тақырыптық аймақтарға бөлініп, әрбір қашықтық Ұлы Жібек жолындағы керуен бағытының белгілі бір кезеңін бейнеледі. Атап айтқанда, «Оазис», «Уақыт құмдары», «Қасиетті Түркістан» секілді локациялар қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. 21 шақырым қашықтық – толық сапарды, төзімділік пен рух мықтылығын білдірсе, 10 шақырым – қарқын мен күштің, ал 5 шақырым – үлкен жолға бастар алғашқы қадамның символы ретінде ұсынылды.
Іс-шара барысында көрермендерге арналған викториналар, би байқаулары және балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болып, іс-шара мерекелік шоу-бағдарламамен қорытындыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1213156?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді