
Жамбыл облысында полицейлер 3 келіге жуық гашиш есірткі затын тәркіледі
Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар барысында есірткі заттарын заңсыз сақтау және тасымалдау деректерінің жолы кесілді.
Меркі ауданында 64 жастағы азаматтың тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту кезінде «гашиш» есірткі заты салынған пакет табылды.
Сонымен қатар, «Қордай–Алматы» автожолының 238-шақырымында полицейлер ақ түсті Toyota автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында 48 жастағы жолаушы әйелдің сөмкесінен «гашиш» есірткі заты салынған төрт орам анықталды.
Тәркіленген гашиш есірткі заттарының жалпы салмағы 2 келі 791 грамм 38 миллиграммды құрайды.
Аталған деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі таңда қылмысқа қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жалғасуда.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, есірткі заттарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау және тасымалдау, өткізу мақсатында жасағаны үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhambyl/press/news/details/1213671?lang=kk

Жауап қалдыру