
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жеке медициналық ұйымдардың қызметін шектеу фактілері бойынша монополияға қарсы заңнама бұзушылықтарын анықтады.
Тергеп-тексеру барысында Басқарманың мемлекеттік медициналық ұйымдарға гистологиялық зерттеулерді тек мемлекеттік мекемелерге ғана жолдау туралы міндетті нұсқау бергені белгілі болды. Аталған талап жеке клиникалардың тиісті қызметтерді көрсетуіне қолжетімді болмай, патологиялық анатомия нарығында кедергілер қалыптастырған.
Департамент қорытындыларының заңдылығын Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы растады. Сот қолданыстағы заңнамада жеке ұйымдардың патологиялық анатомия саласында қызмет көрсетуіне тыйым салынбағанын атап өтті. Осыған байланысты, Басқарманың әрекеттері бәсекелестікке қарсы деп танылып, Департамент берген нұсқама заңды және негізді деп танылды.
Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін заңсыз тапсырма жойылып, Департамент нұсқамасы толық көлемде орындалды. Басқарманың лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Нәтижесінде гистологиялық зерттеулер жүргізу қызметтерін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсететін жеке медициналық ұйымдарға қойылған шектеулер алынып тасталды.
Сурет ашық дереккөзінен алынды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zk/press/news/details/1213496?lang=kk

Жауап қалдыру