
Бүгін Алматыда «Almaty AI Education Forum 2026» атты ауқымды қалалық форум өз мәресіне жетті. Бұл шараға балабақша, мектеп, колледж жетекшілері мен IT-қауымдастықтың өкілдері жиналды. Жиын Мемлекет басшысы белгілеген Цифрландыру және жасанды интеллект жылының міндеттерін іске асырудың негізгі кезеңіне айналды.
Форумның ұйымдастырушылары – Алматы қаласы Білім басқармасы мен Қалалық білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығы (ҚБЖТҒӘО). Форумның басты қорытындысы – Алматының білім саласында жасанды интеллект (ЖИ) тәжірибе алаңынан күнделікті жұмыс құралы санатына көшкенін айғақтау.
Пленарлық отырысты ашқан ҚБЖТҒӘО директорының м.а. Ардақ Смағұлова мегаполистің озық тұсын нақты сандармен дәлелдеп берді. Бүгінде қаладағы білім беру экожүйесінде ЖИ 205 000-нан астам адамды қамтып отыр.
«Жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу теориядан шығып, күнделікті контент жасауға ұласты. Тек соңғы кезеңде ғана жүйеге 300 000-нан аса сұрау жіберіліп, 83 327 цифрлық ресурс өндірілді. Педагогтардың 73%-ы нейрожелілерді пайдаланудың жоғары практикалық пайдасын растайды. ЖИ енді жаңашылдық емес – ол алматылық ұстаздың жұмыс құралына айналды», – деді өз баяндамасында Ардақ Смағұлова.
Форумда нақты іс-тәжірибелер көпшілікке ұсынылды: мектеп кітапханаларын автоматтандыру, колледждерде AI gul атты ЖИ-көмекшіні енгізу және робототехника пилоттық жобалары. Қатысушылар E-data, Edoox.Com, Bilim Group платформалары арқылы қарапайым тестілеуден деректерді талдауға көшуді талқылады.
Форум шеңберінде алғаш рет мектепке дейінгі білім беруге технологияларды енгізу және функционалдық сауаттылықты дамыту мәселесі арнайы көтерілді. Спикерлер ЖИ-мен жұмыс ерте оқыту кезеңінің өзінде басталатынын, бірақ шығармашылық пен қауіпсіздікке баса назар аудару керектігін атап өтті.
Өзгерістерді басқарудың жарқын үлгісімен №216 Жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлназ Түнгішбаева бөлісті. Ол қазақстандық әзірлемелер арқылы білім беру үдерісін тиімді басқарып, ұстаздарға жүктемені қалай азайтуға болатынын баяндады.
«Жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, біз білім беру үдерісін тиімді ғана басқарып қоймай, ұстаздардың күнделікті жүктемесін де азайтамыз. Біздің мектеп үшін бұл әр оқушыға жеке көзқарас табуға мүмкіндік беретін нақты құрал. Автоматтандырудан адамға бағдарланған білім беруге көшіп жатырмыз», – деп атап өтті Гүлназ Түнгішбаева.
Форумдағы басты оқиға – UBTECH әлемдік көшбасшысымен бірлескен NERO Robotics жобасын талқылау болды. Қатысушылар 2026 жылдың қазанына дейін «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі» ЭАА-да оқытушы роботтарды отандық өндіріске қосудың жоспарымен танысты. Форум аясында ЖИ-шешімдер көрмесі жұмыс істеді және ALT University жоғары технологиялық зертханаларына кампус-турлар ұйымдастырылды.
Форум қорытындысымен «Цифрлық тік» стратегиясы әзірленді: балабақшадан бастап мегаполисті басқаруға дейін. Бұл стратегияда басты назар оқытуды дараландыру мен ұстаздардың күнделікті жүктемесін түсіруге аударылды. Алматы Орталық Азияда EdTech-инновацияларды сынау мен кеңінен таратудың бас алаңы ретіндегі мәртебесін тағы да растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-edu/press/news/details/1214877?lang=kk

Жауап қалдыру