Ақмола облысының оқушылары республикалық деңгейде инновациялық эко-жобаларын ұсынды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облысында оқушылардың экологиялық бастамаларын қолдау бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасуда.Көкшетау қаласындағы «Bolashaq Saraiy» мекемесі Таза Қазақстан жалпыұлттық жобасы аясында оқушылардың ғылыми идеяларын дамытуға және үздік жобаларды республикалық деңгейде ілгерілетуге ықпал етуде.

2026 жылы «Ауа, су, жер» атты 9–11 сынып оқушыларына арналған ғылыми жобалар байқауы бесінші рет өткізіліп отыр және биыл алғаш рет республикалық мәртебеге ие болды. Байқау Республикалық қосымша білім беру орталығы және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылды. Облыстық кезеңде 30 жоба ұсынылып, олардың ішінен 5 жоба республикалық кезеңге жолдама алды. Соның ішінде 4 жоба жүлделі орындарға ие болды.

Бірінші орын иегерлерінің жобалары ерекше назар аудартты.

QAINAR командасы «EcoDrop+» жобасын ұсынды. Команда құрамында «Bolashaq Saraiy» тәрбиеленушілері Дмитрий Чаленко, Алихана Орынбаева және Бернара Культемирова бар.

Жоба авторларының айтуынша, бұл — өзін-өзі тазартатын биополимерлі қабаты бар инновациялық сүзгі. Су механикалық тазарту қабаттарынан өтіп, турбинаны айналдырады, ол ультракүлгін шамды қоректендіреді. Ультракүлгін сәулелену әсерінен биополимер қабатында белсенді радикалдар түзіліп, бактериялар мен микроағзаларды жояды. Сүзгі экологиялық таза, биоыдырайтын, картридждерді жиі ауыстыруды қажет етпейді және бағасы қолжетімді.

Қосшы қаласындағы Рахымжан Қошқарбаев атындағы №1 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Тлеубек Ажар Танатқызы «Эко-продукт: қалдықтан пайдаға» атты жобасын қорғады. Жоба тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесіне арналған. Атап айтқанда, шам қалдықтары, парафин және шыны ыдыстарды қайта пайдалану арқылы экологиялық қауіпсіз өнім — экошамдар жасау ұсынылған. Бұл жұмыс қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.

Сол мектептің 9-сынып оқушысы Жакен Ералы «Геотермалды үй жылыту жүйесі» жобасын таныстырды. Ол Arduino микроконтроллері мен DS18B20 температура датчиктері негізінде жер жылуын пайдаланатын «ақылды» жылыту жүйесін әзірлеген. Жүйе ғимарат ішіндегі микроклиматты автоматты түрде реттеп, энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді. Жобаның ғылыми жетекшісі — Ахилбекова Ұлжан Ждановна.

Сондай-ақ Балкашино ауылындағы №1 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Петлай Кристина Владимировна ауыз су сапасын зерттеуге арналған жұмысын ұсынды. Зерттеу көктемгі кезеңде қар еруі мен су тасқыны кезінде су көздерінің ластану қаупінің артуын және оның адам денсаулығына әсерін талдауға бағытталған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар оқушылардың жоғары дайындық деңгейін көрсетіп қана қоймай, экологиялық мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсынады. «Ауа, су, жер» байқауы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, ғылыми ойлауды дамытуға және оқушылардың ерте кәсіби бағдарлануына үлкен үлес қосуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-edu/press/news/details/1214680?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді