Astana IT University алаңында Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың университет ректоры Альтаир Ахметовпен жұмыс кездесуі өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Astana IT University алаңында Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың университет ректоры Альтаир Ахметовпен жұмыс кездесуі өтті.

Кездесуде Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында белгіленген басым міндеттерді іске асыру, соның ішінде сот жүйесі кадрларын іріктеу және даярлау рәсімдерін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Іс-шараға Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері, Кеңес аппараты мен Сот төрелігі академиясының қызметкерлері, сондай-ақ Astana IT University жанындағы «Cyber Tech» ғылыми-зерттеу орталығының басшылығы мен өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Дмитрий Малахов: «Цифрландыру — бұл тек технологияларды енгізу емес, судьяларды іріктеу мен даярлау тәсілдерін, сондай-ақ әрекеттегі судьялардың біліктілігін арттыру жүйесін түбегейлі өзгерту. Қазіргі уақытта Жоғары Сот Кеңесі іріктеу рәсімдерін автоматтандыруға және олардың ашықтығын арттыруға бағытталған өзінің ақпараттық жүйесін әзірлеуде, оны пилоттық режимде іске қосу ағымдағы жылдың шілде айына жоспарланған.

Осы тұрғыда Astana IT University-мен ынтымақтастықты біз маңызды бағыт ретінде қарастырамыз. Бұл Сот төрелігі академиясымен өзара іс-қимылды, білім беру процестеріне цифрлық шешімдерді енгізуді және судьялыққа кандидаттар мен әрекеттегі судьялар үшін практикалық цифрлық құзыреттерді қалыптастыруды қамтиды», – деп атап өтті.

Өз кезегінде Astana IT University ректоры Альтаир Ахметов жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтіп, университеттің кадрларды даярлау саласындағы цифрландыру процестерін қолдауға қажетті әлеуеті бар екенін жеткізді.

Ол Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясымен өзара іс-қимылға ерекше назар аударып, білім беру бағдарламаларында заманауи IT-шешімдерді, киберқауіпсіздік пен аналитикалық құралдарды қолдану арқылы цифрлық құзыреттерді дамыту қажеттігін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Сот төрелігі академиясының білім беру процесіне цифрлық шешімдерді енгізуді және бірлескен білім беру мен технологиялық бастамаларды дамытуды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vss/press/news/details/1214202?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді