
Облыстық мәслихат депутаттары бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысын өткізді, оның барысында 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы шешімге, сондай-ақ «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобаларының тізбесіне өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.
Отырыс аясында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Д.К.Ашкеновтің баяндамасы тыңдалды.
Депутаттар ұсынылған өзгерістерді егжей-тегжейлі талқылады, жоспарланған шығыстардың негізділігі мен тиімділігіне қатысты бірқатар сұрақтар қойды, сондай-ақ оларды түзету жөнінде ұсыныстар енгізді.
Депутат Б.К. Алтынбеков ішкі және жастар саясаты саласындағы жекелеген іс-шараларды, соның ішінде тақырыптық энциклопедиялық басылымды дайындауды және дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізу бойынша жастар жобаларын іске асыруды қаржыландырудың негізділігі мәселелерін көтерді. Ол Қарқаралы ауданы мен Саран қаласында мектеп салу жобаларын «Толық бітіріп берілетін» жобалар тізбесіне енгізу туралы, сондай-ақ Мойынты станциясы мен Шет ауданы Ақшоқы кентінің мектептеріне күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі туралы ұсыныстар енгізді.
Депутат Е.Б. Халилин спорт мектептерінің оқушыларына стипендия төлеу бойынша шығындарды ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Депутат М.А. Махатчина Приозерск қаласындағы орталық алаңды абаттандырумен салыстырғанда мәдениет сарайы құрылысының басымдығына қатысты сұрақтар қойды; Қарағанды қаласындағы су тазарту объектілерін реконструкциялауға арналған шығыстарды негіздеу; сорғы станциясы үшін жабдықтар алу, арнайы техника сатып алу, сондай-ақ Балқаш қаласындағы әуежай шығындарын субсидиялау туралы сауал жолдады.
Депутат М. Башай «Қарағанды-Балқаш» бағытын қоса алғанда, жолаушылар тасымалына субсидияларды егжей-тегжейлі таратуды, Теміртау қаласында тасымалдарды субсидиялауды сұрады, сондай-ақ Бұқар жырау ауданындағы мектептерге күрделі жөндеу жүргізуді қарастыруды ұсынды.
Депутат Қ.Б. Оспанова мерейтойлық іс-шараларды қаржыландырудың негізділігі мен орындылығы туралы сұрақтармен жүгінді, сондай-ақ архивтердің материалдық-техникалық базасын жаңарту мен орфандық аурулары бар пациенттерді дәрілік заттармен қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.
Депутат А.Е. Карин кәсіби футзалды дамытуды қаржыландыру мөлшерін қысқарту туралы мәселені көтеріп, шағын футболды одан әрі қолдау бойынша жоспарларды нақтылады.
Депутат Е.Т. Әбілдин Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы аппаратының шығыстары бойынша, сондай-ақ телемедицина, ақпараттық қауіпсіздік және өзге де цифрлық шешімдерді қоса алғанда, цифрландыру саласындағы жобалар бойынша түсініктеме сұрады.
Депутат Р.Қ. Әбдікеров облыстық бюджетті жиі нақтылау себептері мен республикалық бюджеттен субвенциялар көлемі бойынша болжамдар туралы сұрақтар қойды.
Депутат Е.Б. Жүнісов орфандық аурулары бар барлық пациенттерді дәрілік заттармен, оның ішінде жекелеген бюджет қаражатын қайта бөлу есебінен қамтамасыз етуді ұсынды.
Отырыс барысында төрағалық етуші Арман Әлімжанов өз кезегінде спорт объектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды қаржыландыру, Қарағанды қаласының әкімдігіне бағынысты мемлекеттік органдардың міндетті түрде қатысуы, сондай-ақ Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының алдағы уақытта бюджетті қалыптастыру бойынша ақпаратты бюджет қаражатын егжей-тегжейлі ашып көрсете отырып ұсыну қажеттігіне назар аударды.
Талқылау қорытындысы бойынша комиссия мемлекеттік органдарға ұсынымдар әзірледі. Атап айтқанда, спорт мектептерінің оқушыларына стипендия шығындарын ұлғайту, бірқатар жалпы білім беру мекемелеріне күрделі жөндеу жүргізу, сондай-ақ орфандық аурулары бар барлық пациенттерді дәрілік заттармен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Бұдан бөлек, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына Қарқаралы ауданы мен Саран қаласында мектеп құрылысы жобаларын «Толық бітіріп берілетін» қағидаты бойынша іске асырылатын жобалар тізбесіне енгізу мәселесін қарастыру тапсырылды.
Отырыстың нәтижесінде тиісті қаулы қабылданды, жауапты мемлекеттік органдарға белгіленген мерзімде ұсынымдардың орындалуы туралы ақпарат беру тапсырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-karagandinskoy-oblasti/press/news/details/1214884?lang=kk

Жауап қалдыру