
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстан мен Аустрия арасындағы іскерлік және өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға арналған Қазақстан-Аустрия бизнес-форумында сөз сөйледі. Іс-шараға Аустрияның және еліміздің 70-тен астам жетекші компаниясының өкілдері қатысты.
Министр өз сөзінде соңғы 20 жыл ішінде Аустрияның Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі 3,1 млрд АҚШ долларынан асқанын атап өтті.
«Бүгінде елімізде аустриялықтардың қатысуымен 167 кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Негізгі басымдықтардың бірі — тереңдете өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған өнеркәсіптік кластерлерді дамыту», — деді Ерсайын Нағаспаев.
Министр аустриялық компаниялар өкілдерін бірлескен жобаларға қатысуға шақыра отырып, өндіру, өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығару салаларында ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін атап өтті. Сонымен қатар Аустриядағы жоғары технологиялық және өнеркәсіптік өнімдердің дамуын ескере келіп, осының аясында жаңа индустрияға арналған материалдар мен компоненттер саласындағы кооперация перспективаларына назар аударды.
Ерсайын Нағаспаев Қазақстан Республикасының минералдық-шикізат ресурстары секторындағы үлкен әлеуетін, дамыған металлургиялық және өңдеуші базасының бар екенін, ЖІӨ өсімін және тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынының артуын, сондай-ақ инвесторларды қолдаудың кешенді инфрақұрылымының дамуын атап көрсетті.
Сонымен қатар Қазақстан-Аустрия бизнес-форумы аясында министр Аустрияның Сыртқы істер министрі Беате Майнль-Райзингер және аустриялық компаниялар өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Келіссөздер барысында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту мәселелері талқыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1214912?lang=kk

Жауап қалдыру