Ойыл ауданында инфрақұрылымды дамыту мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Ойыл ауданында биыл ауқымды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы аудан әкімі Асқар Қазыбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүргізілуде.

Газдандыру бағытында Шиқұдық, Амангелді және Көптоғай ауылдары көгілдір отынға қосылды. Қазіргі таңда Қаракемер, Ақшатау, Кемер және Ақкемер елдімекендерінде ауылішілік газ құбырларын тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жобалардың орындалу деңгейі 70–80% жеткен.

Ауызсумен қамтамасыз ету саласында ауданға қарасты 21 елдімекеннің 20-сы сапалы ауызсуға қол жеткізген. Шиқұдық ауылында орталықтандырылған су құбырын жүргізу басталды. Сонымен қатар Көптоғай ауылдық округіне қарасты Қарасу ауылында су құбырының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді.

Жол құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. Ойыл–Қараой бағытындағы автомобиль жолының 0–30 шақырым аралығы орташа жөндеуден өтуде. Сондай-ақ Шұбарши ауылынан Атырау облысының шекарасына дейін жаңа автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Сарбие ауылына кіреберіс жол мен Қаракемер–Ақшатау бағытындағы жолдарға жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мақсатында аудан орталығында 320 орындық мектеп пен 150 орындық балабақша құрылысы аяқталып, наурыз айында пайдалануға берілді.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 8 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталу сатысында. Сонымен қатар биыл әлеуметтік осал топтар үшін 40 тұрғын үй сатып алу жоспарланып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1214463?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді